17 Желтоқсан 15:43
...

КҚК-ға соққы жасауға шақыру терроризм және опасыздық ретінде бағалануы мүмкін

ктк
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым украин дрондарының Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасаған шабуылын қолдаған қазақстандықтарды тексеру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай ұстаным елдің экономикалық мүддесіне тікелей зиян келтіреді.

Астана, NEGE. Қараша айының соңында теңіз дрондары КҚК терминалына шабуыл жасап, бір айлақ құрылғысы істен шыққан. Қазір терминал тек бір айлақ арқылы жұмыс істеп отыр, соның салдарынан мұнай өткізу көлемі азайған. Айдос Сарым бұл жағдай ел үшін елеулі экономикалық қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. КҚК арқылы экспорттан жыл сайын шамамен 30 млрд доллар табыс түседі. Оның үштен бірі Ұлттық қорға бағытталады, салық түсімдерінің 20 пайызы осы салаға тиесілі. Сарапшылардың мәліметінше, егер инфрақұрылым ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрса, ай сайынғы шығын көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға жасалған шабуылды ашық қолдап, ақтайтын жазбалар көбейген.

Айдос Сарым бас прокурор Берік Асылов пен министр Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында мемлекет үшін маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауға үндеген азаматтардың әрекеттерін терроризмді насихаттау немесе мемлекетке опасыздық жасау баптары аясында тексеруді ұсынды. Сонымен қатар, халыққа мұндай ақпаратты таратуға болмайтынын түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

«Мұндай әрекеттер сөз бостандығының шеңберінен шығып, ұлттық мүддеге тікелей зиян келтіреді», — деп атап өтті депутат.

Еске салсақ, бұған дейін сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты Украинаға наразылық білдірген еді. Ал, Украинаның сыртқы істер министрлігі бұл шабуыл ешбір елге бағытталмағанын, тек басқыншылық әрекеттерді тоқтату мақсаты көзделгенін хабарлады.

Өткен аптада энергетика министрі Ерлан Ақкенженов шабуыл салдарынан Қазақстан 480 мың тонна мұнай жоғалтқанын айтқан еді.