25 ноября 2025 г. 9:57

«10 мың теңге ғана аламыз»: Министрлік алдында өтемақыға наразы адамдар жиналды

Фото: жеке мұрағаттан

24 қарашада Жамбыл облысының «Қаратау» АҚ бұрынғы қызметкерлері Еңбек министрлігінің ғимараты алдында наразылық акциясын өткізді. Олар 1999 жылдан бері жұмыс барысында алған жарақаттары мен кәсіби аурулары үшін өздерін қанағаттандыратын деңгейде өтемақы ала алмай отыр. Ал компания банкрот болып  үлгерген.

Астана, NEGE. Наразылыққа келген үш қызметкер заңды өкілі Жақсылық Айымбетовпен бірге министрлікке өз талаптарын жеткізді. Айымбетовтің айтуынша, 2019 жылы үкімет арнайы жұмыс тобын құрып, осы мәселені қарастыруды бастаған. Алайда сот процесі 2021 жылға дейін кейін шегерілген.

Іс қайта ашылған кезде қайтарылуы тиіс 18 млн теңгенің тек 3 млн ғана мойындалған. Бұл қаражаттың жеткіліксіз екені айтылды. Адам басына шаққанда шамамен 10 теңгеге тең.

Қызметкерлердің негізгі талабы – қалған соманың толық мойындалып, ақшаның толықтай төленуін қамтамасыз ету.

«Қазақстанда әр азамат ауруға шалдықса немесе мүгедек болса, ең төменгі жалақыдан кем емес әлеуметтік төлем алуға құқылы. Бірақ біз алатын төлем бар болғаны 10 687 теңге. Мемлекет өз міндетін орындауы керек. Конституция әлеуметтік қамтамасыз етуді және ең төменгі жалақыны кепілдейді», – дейді қызметкер Наталья Каратаева.

Фото: жеке мұрағаттан

Наразылыққа қатысушылар заңсыз тоқтап тұрған банкроттық істі қайта ашып, мәселені бір ай ішінде шешуді талап етті. Олар «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың» өкілімен сөйлесіп, бұл мәселені депутаттарға жеткізуді сұраған.

Сол күні қатысушылар Мәжіліс депутаты Ринат Зайытпен кездесіп, өз талаптарын айтты. Депутат 15 жұмыс күні ішінде жауап беретінін жеткізді. Кездесуге Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова да қатысып, олардың мәселесін тыңдады.