10 января 2020 г. 7:26

Қыжыртпа. Шекіскен шенділердің «чемпионы» кім?

Фото:

Қазақтың маңдайына біткен ірілі-ұсақты мемқызметкерлер анда-санда өзара, кейде өзгелермен мүйіздесіп тұрады. Былай қарасаңыз, онда тұрған түк те жоқ. Бастық болған соң басыңнан сөз асырмағанға не жетсін?! Тек сол шекісулердің жұртқа жария болып кететіні ғана жаман. Nege.kz ел назарын ерекше аударған осындай бірнеше төбелесті тізіп шығып, «нағыз чемпионды» анықтауға тырысты.

Екіге – бір
Жамбыл ауданының жақсы төбелесетін шенділері 2019 жылды әдемі қорытындылады. Әдемі болатыны – олар Жаңа жылдық кешке әп-әдемі болып киініп келген ғой. Далаға шықпай, төбелесті мейрамхананың ішінде бастап кеткеніне қарағанда, отырыс та әдемі болған секілді. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазбаға қарап отырсаңыз, әдемінің көкесі сонда! Соққы тиген бетін орамалмен басып тұрған адамды ту сыртынан келген біреу құлаштай ұрады. Анау еңкейе қалып, соққыны әдемі өткізіп жібереді. Оншақты адам опыр-топыр әйтеуір. Соңына таман біреуі мәйкішең жүр. Бұл да – әдемі... 

Дегенмен осы төбелестің әдемі болмай қалған бір жері бар. Өйткені, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев пен Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы К.Үсенбаев аудандық мәдениет үйінің қызметкері И.Бейсебевты жабылып ұрған екен сол кезде. Ойлап көріңізші, енді осының несі әдемі?!   

Пышақты біреу – екеуге
2017 жылғы Таразда болған түнгі төбелеске бүкіл Қазақстан жұрты таңданып қарады. Себебі шекіскендердің бірінің қолында суық қару бар екені бейнетаспадан анық байқалып тұрған. Пышақ ұстағаны қасындағы екеуге оңды-солды сілтеп жүр. Жұрт олардың бандиттер емес, бандиттерді бұғалықтауы тиіс лауазымды полицейлер екенін білгенде, таңданғаннан «талып түсті». Сайманды кісі – Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Үмбетәлиев болып шықты. Жарақат алғандар – Криминалдық полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғанов пен Байзақ аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марсель Жетпісбаев. Содан не болды? М.Үмбеталиев қашып кетті. Полицейлердің шарқ ұрып полицейді іздеп жүргені былайғы жұртқа қызық көрінген. Қызықтың көкесі сол, қашқын полицей екі аптаға жуықтағанда әрең ұсталды. Сөйтіп 15 жылға сотталып, 1 жылға жетпей бостандыққа шықты. Ең қызығы, осы оқиғаға жоғары биліктен таңданған ешкім болған жоқ. 

Төбелестен кейін төрге озған
2019 жылдың ақпан айында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдің ауылшаруашылығы басқармасына Нұрлан Сәдібековті тағайындады. Міне, осы арада жұрт «Аграрийді сабасаң, аграрлық салаға басшы боласың» деген мысқыл шығарды. Мұның мәнісі былай: Осы Сәдібеков 2016 жылы Павлодар ауданы әкімінің орынбасары кезінде саунада достарымен бусанып отырып, шаруа қожалығының басшысын соққыға жыққан. Ыстық моншада таяқ жеген кісі де – досы ма, әлде бір досының танысы ма, бұл жағы бізге белгісіз. Белгілісі, үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейін ол әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстырылған. Сәтін салғанда, Сәдібеков 34 035 теңге  айыппұлмен (15 АЕК) құтылып кетті. Еңбек жолына үңілсек, «тыржалаңаш төбелескенге» дейін кәсіпкерлікті дамыту басқармасында жұмыс істеген екен. Әнеки, жоғарыдағы мысқылдың мәнін енді түсінген шығарсыз?!
 
Кімді кім ұрды?
2017 жылы  кәсіпкер Алмасбек Садырбаев Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаевпен төбелесіп қалғанын әлеуметтік желіде жариялады. Кейін екеуінің арасындағы «шеке шертіс» шенеуніктің кабинетінде болғаны нақтыланды. Бір аптаға жетпей әкімнің орынбасары өз еркімен қызметінен кетті. 
Әңгіме неден шыққан? Кәсіпкер ауыл шаруашылығымен айналысады екен. Жүн өткізген соң 7 миллион теңге субсидия алуы тиіс болған. Соған қол қойдыруға келгенде жанжал шығады. Бұл оқиғаның қызығы мына тұста: қызметінен кеткен шенеунік сотқа жүгініп, кәсіпкер бір жылға сотталып кетеді. Алайда бір айдан кейін босап шығады. Неге? Ел Садырбаевты «Талдықорған әкімінің экс-кеңесшісі» дейді. Демек бірі әкімдікте жүргенімен, екіншісі де биліктен аса алыс болмаған. Содан кейін де шығар, кімді кімнің қалай сабағаны, қайсысының қабағы жарылып, қайсысының мұрыны қанағаны қарапайым халық үшін жұмбақ күйінде қалды. Басқаша айтқанда, бұл оқиға дау тудырған қой жүніндей жұп-жұмсақ болып аяқталды.    
  
«Неге менің атымды Мұхтар қойған...»
Ашуланса, жұдырық ала жүгіретіндер тек шенділер ғана емес. 2016 жылы Мұхтар Тінікеевтің ғаламторда тараған «концерті» халық қалаулыларының да «бір соғары» бар екенін байқатқан. Алғашында БАҚ біткен шатасып, бәлеге шатылмайық деген қауіппен «Тінікеевке ұқсайтын адам...» деген шамада ақпарат таратты. Кейін ұрған кісінің – Тінікеевтің дәл өзі, ал сабалған адамның – мәслихат депутаты Николай Полевой екені анықталды.
Сосын не болды? Не болушы еді, Тінікеев халық пен әріптестерінен кешірім сұрап, депутаттық мандатынан бас тартты. Оның өтінішін қараған депутат этикасы жөніндегі Кеңес «Е, бопты, барсаң бара ғой» деген сыңайда есік жақты нұсқады. Таңданатынымыз, өздерін халықтың қалаулысымыз деп санайтын бір де бір депутат Мәжілістің төрінде тұрып: «Ей, Мұқтар! Сенің денің сау ма, бәріміздің атымызға кір келтірдің ғой?!» демеді. 

Кім чемпион?
Жазарымызды жазып алсақ та, осы сұраққа жауап табу бізге оңай болған жоқ. Дегенмен бір бүйрегіміздің Тінікеевке бұратынын жасырғымыз келмейді. Бұл – кейіпкеріміздің ширек ғасыр депутат болып, мыңдаған заңның қолданысқа енуіне атсалысқанынан емес. Бастысы, соққысы бөлек екен. Сол қолмен шаштан ұстап тұрып, оң қолмен ұрады да ылғи...

Оның үстіне мәжілісменнің мәслихат депутатын ұрғаны – ағаның ініні тәртіпке салғанындай біртүрлі жылы көріне ме, қалай өзі?! Алайда бізге қосылу-қосылмау оқырманның өз шаруасы. Өйткені жоғары аталғандардың қай-қайсысы да осал емес. Сондықтан Сіз кімді чемпион деп танысаңыз – сол чемпион!

Сансызбай Нұрбаба. 

Тегтер: