Қырғызстан тарабы жарық сөнуіне байланысты KEGOС мәлімдемесіне жауап берді

Қырғызстанның Энергетика министрлігі 14 тамыздағы электр энергиясы жүйесіндегі ақауға байланысты түсініктеме берді.

gov.kz

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, сол күні сағат 15:37-де Қырғызстанның энергетикалық жүйесінде технологиялық ақау болып, елдің энергетикалық жүйесі Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесінен бөлініп, оқшауланған режимде жұмыс істей бастаған.

«Қырғызстан энергетиктері жұмыс режимін тұрақтандыру үшін қажетті жедел шараларды қабылдап, қысқа мерзім ішінде, яғни сағат 15:55-те ОАБЭЖ-дегі жиілікті қалыпты 50 Гц деңгейіне дейін қалпына келтіріп, оны реттеуді қамтамасыз етті. Бұл ретте Қырғызстанның энергетикалық жүйесі көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт қуат беру арқылы көмек көрсетті», – делінген ресми хабарламада.

Қырғыз тарапының түсіндіруінше, Алматының энергетикалық торабы ОАБЭЖ-дегі жиілік номиналды мәндерге келгеннен кейін өшкен.

Сондай-ақ технологиялық ақаудың мән-жайын нақтылау барысында Тоқтоғұл ГЭС-інің екі гидрогенераторының қысқа уақытқа ажыратылғаны тіркелді.

«Бұл параллель жұмыс істеп тұрған Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесіндегі алғашқы ақау болып, қуат ағындарының өзгеруіне және апатқа қарсы автоматиканың іске қосылуына алып келді. Сонымен қатар бұл бастапқы ақауды басқа мемлекеттердегі жекелеген энергетикалық жүйелер мен желілердің ажыратылуына тікелей себеп болды деп қарастыруға болмайды», – дейді ведомство өкілдері.

Сала мамандарының түсіндіруінше, мұндай жағдайларда энергетикалық жүйелер теңгерім қалпына келгенге дейін оқшауланған режимде, оның ішінде төмендетілген жиілік жағдайында да тұрақты жұмыс істей алады.

«Сондықтан Орталық Азияның басқа мемлекеттеріндегі энергетикалық жүйелердің ажыратылуына қатысты сол мемлекеттердің энергетикалық жүйелерінде кейінгі кезеңде болған процестерге жеке талдау жүргізу қажет.

Бірлескен техникалық тергеу аяқталғанға дейін апаттың кейінгі барлық салдары үшін жауапкершілікті Қырғызстанның энергетикалық жүйесіне жүктеу дұрыс емес», – дейді Қырғызстанның энергетика министрлігі.

Технологиялық ақаудың себептерін арнайы комиссия тексермек.

Еске салсақ, бұған дейін KEGOC 14 тамызда Қазақстанның бірнеше өңірінде электр қуатының өшуіне не себеп болғанын түсіндірген еді. Компания мәліметінше, Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератор ажыратылған. Соның салдарынан Қазақстанның «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» электр транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіп, елдің оңтүстік аймағы Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінен, сондай-ақ Орталық Азияның біріккен энергия жүйесінен бөлініп қалған.