15 мая 2025 г. 16:25

«Кино түсіреміз деді» – Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев тергеу барысында соққыға жығылғанын мәлімдеді

Фото: NEGE

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр. Ол сол күні оқиғаның қалай өрбігенін баяндады.

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша екінші айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев оқиғадан кейінгі тергеу барысында қысым көргенін мәлімдеді. Айтуынша, ол өзінің тегін адвокатқа құқығы болғанын да білмеген және оған ешкім адвокат ұсынбаған. Сол себепті Нұрбол Тоқтаубаев бұрын берген жауабынан бас тартты.

«Маған қысым көрсетілді, адвокат берілген жоқ. Талғардағы бөлімшеде менен бірінші рет жауап алу барысында полиция қызметкерлері ұрып-соқты. Ол жайында бірнеше рет арыз да жаздым. 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні сағат 04:30 шамасында полиция бөлімшесіне кіргеннен бастап, жауап алғанға дейін таяқ жедік. Қысқа-нұсқа айтып өтейін «киноға түсіреміз» деді. Алып шықты, киноға түсірді. Біреудің үйіне кіргізді. Ол жерде біраз ұрып-соғып алды. Полиция бөлімшесінде де өткен-кеткеннің бәрі ұрып, бірінші жауабымызда «сен былай айтасың» деп күш қолданды. Қаржаубайдың өзі де келіп, бәріміздің әке-шешемізден боқтап, қоқан-лоқы көрсетті, ұрды. Оны растайтын куәгерлер отыр. Жауап алу кезінде ішімнен ұрды, көгерген жерлері қалды. Өзімнің туған інімді (Азамат Тоқтаубаев – ред) ұрды. Бастарына пакет кигізіп соқты. Оны өздері де айта жатар. Ол кезде Талғардың полиция бөлімшесінің ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, камера болған жоқ. Кез келген кабинетке кіріп күш көрсетіп, азаптау болды», – деді сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев.

Айыпталушының адвокаты судьядан Нұрбол Тоқтаубаевтың азаптау фактісі бойынша берілген арызын қылмыстық іске тіркеуді сұрады. Айтуынша, Нұрбол Тоқтаубаев өзін ұрып-соққан адамды танып, көрсете алады.