«Мен Қаржаубайды сабырға шақырумен болдым» – Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев оқиғаның қалай өрбігенін баяндады

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысында «Қамажай» дүкенінің ішіндегі бейнебақылау камерасына түсірілген видео мен дүкен маңында Шерзат Полатқа айыпталушылардың соққы жасап жатқан видеосы зерделенді.
Түстен кейінгі сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алу басталды.
«Мен Тоқтаубаев Нұрбол 2024 жылы қазан айының 3-нен 4-не қараған түні Талғар қаласында орналасқан «Эйфория» кафесінде өзімнің таныстарым Ілиясов Нұрқияс, шынасыл Абзал, Сакиев Равиль, Белғожаев Шыңғыс, бауырым Тоқтаубаев Азамат, өзіммен бірге ертіп алған Думан Ысқақ, сонымен қатар бұрын-соңды көрмеген, өзіме таныс емес екі қыз бәріміз отырдық. Сол уақытта 23.30-дарда менің телефоныма танысым Дархан Әскентай қоңырау шалды. Ол маған хабарласып, Талғар қаласындағы Менделеев көшесінде орналасқан «Қамажай» дүкеніне келуімді өтінді. Өзім бір шөлмек сыра ішіп алғандықтан, Думан Ысқаққа рөлге отырып бер деп өтініш жасадым. Соынмен дүкенге бардық», – деді айыпталушы.
Нұрбол Тоқтаубаевтың айтуынша, Дархан Әскентай қоңырау шалғанда өзін біреудің ұрып кеткенін хабарлаған.
«Ол: «Мені біреу ұрып кетті», деп қысқа-нұсқа айтты. Мені алып кетші деп өтінді. Дауысы қобалжып шығып тұрды, көмек керек екені сезіліп тұрды. Сонымен бардым. Дархан Әскентай дүкен сыртында бетінен қан ағып тұрды. Мен мән-жайды сұрадым. Дархан маған: «Дүкендегі сатушының баласы ұрып тастады», деді. Мен толық мән-жайды білу үшін «Қамажай» дүкеніне кіріп, сатушы Қаржаубайдың өзінен болған жағдайды сұрастырдым. Ол маған ашулы түрде «сенің досың, ақшасын төлемеді» деп айтты. Мен ұрдым деді, біресе балам ұрды деді. жарайды, ақшасын төлемеген болса, мен төлейін дедім. Қанша теңге төлемеді дегенде, 1000 теңге төленбегенін айтты. Мен артығымен 1 500 теңге төледім. Бірақ ол менің келгеніме қарсы болды. Пышақ ұстап, бізге атылды. Мен досым үшін кешірім сұрап, өзімнің Volkswagen Golf маркалы көлігіммен Дархан Әскентай, Думан Ысқақ үшеуміз кетіп қалған болатынбыз. Алайда жолда Дархан Әскентай өзінің ұялы телефонынан чекті көрсетіп, алған затының ақысын төлегенін айтып ақталды. Мен түсінбеушілік ақша туралы болғаннан кейін, қайта айналып баруға шешім қабылдадым. Артық төлеген ақшамды қайтарып алғым келді және Дархан Әскентайдың төлем жасағанын растағым келді. Сонымен қайтадан бардық. Қаржаубай агрессиямен тағы да пышақ алып, бізге қарай оқталды. Біздің айналып келгенімізге қарсы болды. Менімен шық деді, менімен шыққың келмесе баламмен шық деді. Дарханды мен ұрдым деді, біресе балам ұрды деді. ол жерде мен өзімді «хуторский 95» деп таныстырған жоқпын. Мен өзім 1996 жылғымын. Денсаулығыңды қойып тастайсың деген әңгіме болған жоқ. Ондай сөз ешқандай іс-құжатта жазылмаған. Мен бұрын-соңды сотталмағанмын, төбелеске араласпадым. Мәселені ушықтырмай, тыныш кетуіміз керек болған», – деді сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев өз жауабында.
Айыпталушы мылтықты алып келіп, одан оқ атқан адамның Нұрғанат Ғайыпбаев екенін айтты.
«Нұрғанат Ғайыпбаев біреулерге қоңырау шалып, шақырып жатты. Қаржаубай «сендерді өлтіремін» деп пышақ кезенді. Мен сол кезде күйзелісте болып, кішкене абдырап қалдым. 6-7 ірі денелі балалар келді. Мен өзімнің туған ініме қоңырау шалмақ болдым. Оның телефоны болмағандықтан қасындағы «Шина» Шыңғыс деген жігітке хабарласып, інімді шақырдым. Балалар келді, солай төбелес басталып кетті. Мылтық атылды. Дүкеннің қасында қара ағаш бар, тура соның қасында Нұрғанат бізге оқ атты. Біріншісін аспанға, екіншісін біздің аяғымызға атты. Өзім бір-екі рет аяғымды сермеп, Нұрғанатты тепкенімді растаймын. Барлығы қас-қағым сәтте болды, төбелес шығару ниетімізде жоқ еді. Мен ол жерде Қаржаубайды сабырға шақырумен жүрдім. Басында Қаржаубай ақшаларыңды қайтармаймыз деді. Мен ақшаның керек емес екенін, Шерзаттың өзі келіп, Дарханнан кешірім сұрауын ұсындым. Бірақ сол сәтте Нұрғанат Шерзатқа кілт табыстады. Шерзат кетіп қалды. Мен олардың қару алып келіп, сайланып жатқаны ойымда болған жоқ», – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Марқұм Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева сотта берген куәлігінде: «Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол мені қолымнан ұстап алды», – деген болатын. Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев Гүлбара Бишімбиеваның айтқандарын жоққа шығарды.
«Мылтық атылған кезде бәріміз абдырап қалдық. Сол жерде әйел адамның дауысы шығып жатты. Төбелес болып жатқаннан кейін ол жерде кімнің әкесі, кімнің шешесі екенін және Шерзаттың 16 жаста болғанын білгенім жоқ. 16 жаста екенін айттық дегендері жалған айғақ. Мен Бишембиеваның қолын ұстағаным жоқ, түрін де көрмедім. Әйел адамның тек дауысын естідім, тіпті сұлбасын да көргенім жоқ. Ол жер қараңғы болды», – деді Тоқтаубаев.