12 ноября 2025 г. 10:14

Кино мен сериал буллингтің үнсіз насихатшысы ма?

Фото: NEGE

Қоғамда буллинг тақырыбы әлі де белең алып тұр. Мектеп табалдырығын аттаған бала білім нәрін іздеуге келгенімен, кей жағдайда соққыға жығылып, кейде тіпті көз жұмып жатады. Буллингке әкеп соғатын салдар көп. Соның бірі медиакеңістік деп айтуға болады. Жақында осы тақырыпқа байланысты «105» сериалы жарық көрді. Ол жерде көрсетілген ұрып-соғу мен қанды сахналар көрерменнің қызу талқысына түсті. Бірі мұндай сериалдар зиян десе, енді бірі нағыз шындықтың бетін ашты деп санайды. Осы мәселе төңірегінде бала психологы Балабек Сақтағановпен сұхбат құрған едік.

– Көптеген сериалдарда буллинг жиі көрсетіледі. Мысалы, «105» сериалындағы бір көріністе бір баланы ұрып, үстіне дәрет сындыру сияқты өте ауыр іс-әрекеттер көрсетілген. Мұндай зорлық көрінісін экраннан көру балалар мен жасөспірімдер психикасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Режиссерлер кейде буллингті ауыр, шынайы көріністерді көрсету арқылы қоғамды және балаларды мұндай әрекеттерден сақтаймыз деп ойлайды. Алайда, шын мәнінде, керісінше әсер етуі мүмкін. Мұндай сериалдар мен фильмдерді көрген сайын балалардың санасында буллингке бейімділік қалыптасады.

Психологияда десенсибилизация деген ұғым бар. Бұл адам қатыгездік пен зорлық көріністерін жиі көрген сайын оған үйреніп, психикасының соған бейімделуі дегенді білдіреді. Нәтижесінде, мұндай әрекеттер балалар үшін қалыпты нәрсе секілді көріне бастайды.

Сол себепті өмірде жасөспірімдер осындай агрессивті әрекеттерге барғанда, өздерінің қалай бұған дейін жеткенін түсінбей қалуы әбден мүмкін. Бұл — қоғам үшін қауіпті дерт.

Сонымен қатар, фильмдер мен сериалдарда жас ерекшелігі жиі ескерілмей қалады. Мысалы, 16 жасқа арналған контентті 10 жасар бала да көріп отыр. Ал мұндай жастағы балалардың психикасы әлі толық қалыптаспаған. Гиперактивті, шапшаң мінезді балалар экрандағы агрессияны өз мінез-құлқына көшіруі мүмкін. Ал керісінше, баяу темпераментті, сезімтал немесе меланхолик типтегі балалар мұндай көріністерден психологиялық шок алуы ықтимал. Ең қауіптісі бала мұндай әсерден ерте жастан «детская травма» алып қалуы мүмкін.

– Кино мен сериалдардағы буллинг тақырыбын жиі көрсеткен сайын қоғам оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдамай ма?

– Әрине, бұл тақырыпты күнделікті көрсете берсе, етіміз үйреніп кеткенін өзіміз байқамай қаламыз. Көргенімізге 1-2 ай өтсе де,  ол біздің санамызда сақталып қалады. Кейіннен "қай жерден көріп едім" деген ойлар осы психикамыздан келген хабарландырулар екенін білмей жатамыз. Сол себепті мұндай көріністер жиі көрсетілген жағдайда  миымыз оларды шошынатындай, қауіпті деп қабылдамайды. Сондықтан мұндай туындыларды жиі көрсетілуі қоғамға зиянын тигізбей қоймайды.

– Буллингті дұрыс көрсету мен зиянды түрде көрсетудің айырмашылығы қандай?

– Шыны керек, осындай фильмдерді түсіретін режиссерлердің мақсатын білмеймін. Олар, мүмкін, көрермен не қаралым жинау арқылы қоғамды дүр сілкіндіретін туынды шығарып ақша табудың амалын жасап жатқан шығар. Я болмаса "біз осындай сахналарды көрсету арқылы қоғамға бір үлесімізді тигізіп жатырмыз" дегендер де бар. Әлбетте ол, олай емес. Меніңше, тәрбиелік мәні бар, бір-біріне қолдау көрсету, жәрдем көрсету секілді құндылықтарға көп мән беру керек.

Мысалы буллингті кинотуынды ретінде көрсеткіміз келсе, оның ауыр салдарын басты назарға ұстау керек. Адамның психикасына, психологиясына қаншалықты зардабын тигізіп жатқандығын алып шығу керек. Буллинге ұшыраған және буллингке ұшыратқан балалардың тұлғалық портретін ашу керек деп ойлаймын.

– Қоғамдық санада буллингті жоюға сериалдар үлес қоса алады деп ойлайсыз ба?

– Әрине, дұрыс сериал, дұрыс фильм түсірілсе үлес қоса алады. Фильм түсірушілер туындыны түсірер кезде арнайы психологтармен қай сахна ауыр, қай сахна жеңіл екенін талқылайтын болса,  тіптен керемет болар еді. Одан кейін кейбір ауыр сахналарды мейлінше жеңілдетіп көрсетуді құптар едім. Бұл, әрине, режиссердің шеберлегіне байланысты. Жоғарыда айтқандай, балалардың психологиялық қабылдау ерекшеліктеріне, жасөспірім кезеңдеріне де мән берілуі маңызды.

– Ата-аналар балаларына мұндай фильмдерді көрсетуде неден сақ болу керек?

– Кез келген фильмде жас айырмасына шектеу тұруы тиіс. Бұл – баланы осындай фильмдерден сақтайтын ең бірінші әрекет. Одан кейін мұндай туындыларды ата-ана балалармен бірге көруі керек. Кино біткеннен кейін оны баламен талқылап, пісіруі керек. Сөйлесу арқылы баланың білімі жетіледі, сондай жағдайға тап болып қалса психологиялық, эмоционалды түрде дайын болады. Ал егер бала бұрын буллингке ұшыраған болса, бұл фильмдерді көрсетпеген жөн.

– Жоғарыда айтқан сериалдың тағы бір көрінісінде мектеп директоры буллинг фактісін жасыруға тырысады. Өмірде де мұндай жағдайлар кездесетіні рас. Психологиялық тұрғыдан мектеп неге осындай мәселені жасыруға тырысады?

– Бұл енді өзіміз білетін базалық нәрселер ғой.

Мектеп әкімшілігі үшін ең бастысы –білім ордасының беделі мен имиджі. Сондықтан буллинг фактілері орын алса да, оларды көпшілікке жария етпеуге тырысады. «Мектептің аты шықпасын», «жоғары жақ естіп қалмасын», «белгілі бір адамдар орнынан айырылып қалмасын» деген сияқты ойлар шындықты бүркемелеуге әкеледі. Алайда осылайша жағдайды жасыру мәселені шешпейді, керісінше, тереңдете түседі. Буллинг жеке оқушының ғана емес, бүкіл мектеп ұжымының, соның ішінде директордың да жауапкершілігіне тікелей қатысты мәселе.

– Психолог ретінде сіз қандай сериал, фильмдерді ұсынар едіңіз, керісінше қай туындылар зиянын тигізуі мүмкін?

– Жалпылама айтсам, өзім көп кино көрмеймін. Оскарды кім алады соны ғана анда-санда қызықтап көргенім болмаса фильм қарауға қызықпаймын. Менің ойымша, буллингтің әсерін, буллингтен өкініп қайта дұрыс жолға түсіп, басқа адамдарға көмек беруін жиі көрсету қажет. Көрерменге баланың мінез-құлқына жағымды әсер ететін туындыларды ұсыну маңызды деп санаймын.