Қиын күндер артта қалды. «Алтыналмас» НЕГЕ алпауытқа айналып барады?
«Майқайын алтын» кәсіпорнын сатып алумен, «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы Қазақстандағы ең ірі алтын өндірушіге айналып отыр. Небары 3 жыл бұрын дефолтты бастан кешкен компанияның былай тез өсуі сарапшылардың назарына ілінді
«АК Алтыналмас» 2024 жылдың қорытындысы бойынша 175 миллиард теңге таза кіріс алды. Бұл оның кіріс бойынша жаңарған рекорды. Себебі былтыр алтын бағасы жақсы өскен. Бір унцияның орташа бағасы 2 388 доллар болды. Ал биыл унция бағасы 3 мың доллардан асып кетті. Сондықтан Алтыналмас позициясы жыл санап күшеюде.
Кәсіпорын 351 миллиард теңге үлестірілмеген кіріс жинады. Және биыл басынан дау арылмаған «Майқайын алтын» компаниясын өзіндік құнынан үш есе төмен бағаға сатып алды. Ол қалайша мүмкін болды?
Осы жағы қатты қызықтырады. Nege.kz дереккөзінің айтуынша, «Майқайын алтын» кәсіпорнының негізгі акционерін апаттан адамдардың қаза табуына қатысты қылмыстық жазаға тартылу перспективасы қатты шошытқан. Онымен бірге, мемлекеттің компанияны жауып тастау, алып қою қаупі жоғары болып тұрды. Сол себепті таза активтері 17,8 миллиард теңге болатын компанияны 6 миллиард теңгеге сатып құтылған.
Нидерландық компания мен номиналды тұлға Анна Березинаның артына тығылса да, «Алтын алмас» алпауытының негізгі қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай екені жасырын емес. Ол «Алтын алмас» пен «Қазақмыс» арасындағы қаржылық байланыстан-ақ көрініп тұр.
Мысалы, 2024 жылы «Алтын алмас» Қазақмысқа 68,3 миллион доллар қарыз берген. Борышкер қарызын бір жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Біреуге ақша бере алатын деңгейге көтерілген алтын алпауыты өзінің ең үлкен қарызын толық өтеп біткен екен.
2024 жылы «Алтын алмас» АҚ ВТБ банк алдындағы 1,1 миллиард евро кредитін толығымен жауып тастады. Майқайыннан кейін кәсіпорын «Анисимов ключ», «Met Miner», «АА Торговый Дом» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді де өзіне қосып алған.