Алтын көрсе, олигарх жолдан таяр. «Алтын Алмас» үшін алтын өндіру НЕГЕ қиындады?
«Ескі Қазақстан» олигархтары Владимир Ким мен Эдуард Огайға қатысы бар «Алтын Алмас» холдингі 2023 жылы VTB Banks кредиті бойынша өндірістік ковенанттарын бұзып алған. Компания ВТБ-ға 175 миллиард теңге қарыз. Ал жалпы қарызы 254 миллиард теңгеден асады.
2023 жылы алтын өндіретін компания 79,6 миллиард теңге таза пайдамен аяқтады. Бірақ бір жыл ішінде активтерінің әділетті құны 10 миллиард теңгеге кеміп, 731,8 миллиард теңге көрсеткен. Компания алтын өндіру көлемін арттырудың орнына кемітіп алды және онысы VTB Banks алдындағы міндеттемелік ковенанттардың бұзылуына әкеліп соқты.
Шарт бойынша, дәл осы кезде VTB Banks қалған қарыз сомасы – 175 миллиард теңгені бірден талап етуге құқылы болған. Алайда, қосымша келіссөздер жүргізіліп, «Алтын Алмас» өзін ондай қауіптен сақтап қалды.
«Алтын Алмас» холдингі өзінің мемлекет алдындағы міндетін орындап отырған жоқ. Компания «Ақсу», «Бестөбе» мен «Жолымбет» кеніштеріндегі алтын рудасын сарқып бітірді. Бірақ сол рудниктерде ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаржы шығындау бойынша міндетін атқармады.
Енді «Алтын Алмас» осы сарқылған үш рудник бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын бұзып, мемлекетке тез арада қайтара салмақ ниетте.
Қазақстандағы алтынның басым бөлігін осы «Алтын Алмас» компаниясы өндіреді. Осы байлық кімнің қолында? 2023 жылғы аудиттелген есепке сай, компанияның 20 пайыз акциясы отандық бизнесмен Владимир Жұманбаев, тағы 20 пайызы түрлі жеке инвесторлардың қолында. Ал қалған 60% үлеске оффшорлық фирмасы иелік етеді.
Номиналды түрде компанияға «Family Trust» арқылы Ресей және Нидерланды азаматы Анна Березина басшылық етеді деп жазылса да, біздің білуімізше «Алтын Алмастың» түпкі қожайындары – олигархтар тандемі Владимир Ким мен Эдуард Огай.
Себебі, Анна Березинаның анасы Елена Якубовская саналы ғұмырын Ким мен Огайдың компанияларында басшылық қызметте өткізген еді. Енді қызын да осы салаға тартқаны анық.