Келер жылдан бастап сүт қымбаттайды
Елімізде сүт қымбаттап, тапшылық сезілуі мүмкін. Себебі сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың көбі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талабына сай емес, – деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматы, NEGE. Мамандар 2020 жылы күшіне енетін ереже бойынша сүттің сапасы мен құрамы жіті тексерілетінін айтады. Отандық ірі кәсіпорындар қажетті шикізатты ауылдардағы кішігірім шаруа қожалықтарынан жинайды. Мұндай сүт жоғарыда айтылған техникалық талапқа сай келмейді. Қазақстанда сүт өнімдерін шығаратын 150-ге жуық зауыт бар. Келесі жылдан бастап Кеден одағының техникалық талабы күшіне енсе, кәсіпорындардың жұмысы тұралауы мүмкін. Бұл өз кезегінде сүттің жетіспеушілігіне әкеп соғады.
«Енді техникалық талапқа сай келмейтін шикі сүтті қабылдауға болмайды. Себебі, оның ішінде антибиотик және басқа да рұқсат етілмеген заттар болса ол сүтті пайдалануға болмайды. Қазірдің өзінде сүт жетіспеушілігі бар. 1 қаңтардан бастап одан да қиын болады», – дейді Қазақстан сүт одағы Оңтүстік аймағының өкілі Дінмұхаммед Айсауытов.