КазТАГ басшыларына қылмыстық іс қозғалды
КазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Амир Қасеновке Freedom Finance компаниясының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Астана, NEGE. Freedom Finance компаниясы агенттіктің өзі туралы жарияланған материалдарына байланысты КазТАГ-қа қарсы арыз түсірді. Редакцияның хабарлауынша, бұған дейін басылым компаниядан зардап шеккен бірнеше адамның мәлімдемесін жариялаған. Мақалада Freedom Finance басшылығының «қаржылық алаяқтық схемаларын» жүзеге асырғаны жөнінде ақпарат келтірілген. Қаржы компаниясы бұл деректерді өз беделіне нұқсан келтірді деп бағалап, полицияға шағымданған.
Аталған арыз негізінде КазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Амир Қасенов «жалған ақпарат таратуы мүмкін» деген күдікке ілінген. Олардың адвокаттары күдікті ретінде тану және сараптамаларды жасырын тағайындау заң талаптарына сәйкес келмейтінін атап өтті. Айтуларынша, тергеу бірнеше ай бойы редакцияға хабар берілмей жүргізілген.
КазТАГ редакциясы жарияланған ақпараттың барлығы нақты дереккөздерге, атап айтқанда адвокаттар мен жәбірленушілердің өз мәлімдемелеріне сүйеніп дайындалғанын хабарлады. Сондай-ақ Freedom Finance компаниясына ақпаратты нақтылау үшін бірнеше рет ресми сауал жолданғанымен, жауап алынбағанын мәлімдеді.