«Қазмырыш» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебі айтылды
Алдын ала болжам бойынша, үш адамның өмірін қиған «Қазмырыш» зауыты аумағындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан болған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді.
«"Қазмырыш" зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар.
Бұған дейін бұл нысандарда ("Қазмырыш" және "Шығыстүстімет") техникалық құжаттамаларға сай келмеуі, техникалық құрылғыларды пайдалану мерзімін ұзарту жөніндегі сараптаманың жүргізілмеуі, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақытылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпіздік талаптарының бұзылуы анықталғанын айта кеткен жөн», – деді министр.
Тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданбақ.
Еске салсақ, 5 мамыр күні Өскеменде «Қазмырыш» зауыты аумағында жарылыс болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, зауыт аумағында шаң ұстау құрылғысында газ-ауа қоспасы жарылып, оның соңы өрт пен нысанның ішінара опырылуына ұласқан.
Оқиға орнында екі адам қаза тауып, бірнеше азамат ауруханаға жеткізілді. Ауыр жарақат алған бір ер адам 11 мамырда ауруханада қайтыс болды.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Таяуда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жарылыстың себептерін тексеруге университет ғалымдары шақырылғанын мәлімдеді.