14 ноября 2022 г. 18:49

Қазбек Бейсебаев: Тоқаевқа басты қауіп – Қазақстанның бүкіл байлығын иемденген олигархтар

Фото:

Президент Тоқаев соңғы кездері қатқыл мәлімдемелер жасап жүр. Айталық, елді қорғау үшін бәріне дайын болуға шақыра бастады.

«Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз. Біз қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Мен бұған дейін «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген едім. Бұл қағидатымыз ешқашан өзгермейді», – деді президент Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында.

Бұл сөздің астарында не жатыр? Қазақстанға төнген қауіптің нышаны ма, әлде сайлау алдындағы саяси тәсіл ме?

NEGE-ге берген сұхбатында  дипломат әрі  саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ осының сырына үңілді.

 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігін қарумен қорғауға дайын болуды тұспалдап жеткізді. Билікке жақын кейбір ақпарат көздері Кремльдің Тоқаевқа өкпелі екенін айтып, қауіптің шетін шығарып жатыр. Бұл не? Украинадағы соғысқа байланысты қазақстандықтардың алаң көңілін аулап, қоғамды жұмылдыруды көздеген сайлауалды амал ма, әлде шын мәнінде де осындай қатер бар ма? 

– Екі нұсқа да дұрыс. Бір жағынан ­– сайлау. Екінші жағынан ­– Ресей мен Украинаның арасындағы соғыс. Бұл соғыс Қазақстанның қару-жарағын күшейтіп, отанды қорғау қажет ететінін көрсетіп жатыр.

Халықтың билікке қоятын сауалдары бар. Президент соған жауап беріп жатыр. Бұл да ­– саяси технология.

Бір жағынан қауіп-қатер де бар. Оны мойындау керек. Украинадағы соғыс Ресейдің әскерінде де, қару-жарығында да олқылық бар екені көрсетті. Кейбір әскери мамандар кәсіби әскерден бас тартып, жаппай әскери міндеттілікті қайтаруға, әскери борышты 2 жылға дейін ұзартуға шақырып жатыр.

Әлемде қауіп-қатер бар. Құйтырқы ештеңе жоқ бұл жерде.

­– Тоқаев алғаш билікке келгенде бар мәселені дипломатиялық жолмен шешуге болады деп мәлімдеме жасап келген еді. Енді «бәріне дайын болуы керек» дегеніне қазіргі геосаяси жағдайдың шиеленісуі түрткі болып отыр ма сонда?

– Қазақстан ­­– Ресей немесе Қытай секілді алпауыт мемлекет емес. Халқымыздың саны небәрі 20 миллион ғана. Әскеріміз де аз. Біз секілді мемлекеттерге дипломатия өте маңызды. Соңғы екі-үш айда әлемдік тұлғалар Қазақстанға келіп, маңызды мәлімдемелер жасады.

Айталық, Қытай басшысы Си Цзиньпин келіп кетті. Қазақстанның аумақтық тұтастығына Қытайдың кепілдік беретінін айтты. Рим папасы да келді. Түркия басшысы Ердоған да осы тақілеттес пікір білдірді. Президент Тоқаев Путиннің өзімен де кездесіп жатыр. Дипломатиялық жағынан бәрі дұрыс қадам.

Десе де, «өз әскерін асырамаған, өзгенің әскерін асырайтын болады» деген тәмсілді ұмытпағанымыз жөн. Әскери борышты өтеудің мерзімін ұзартып, әскерімізді заманауи қару түрлерімен жабдықтау қажет. Украинадағы соғыс көп нәрсені көрсетіп жатыр. Мемлекет болғаннан кейін қарулы күштерге баса назар аудару керек.

Фото: Ақорда

­­– Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Кремльге түркі елдерінің ынтымақтасуы түрпідей тиетіні байқалады...

­– Самарқанд саммиті – ішкі ісіміз. Біз ­– түркі мемлекетіміз. Бұл сияқты араб елдерінің, Латын Америкасының өз ұйымдары бар. Түркі мемлекеттері Кеңес одағы ыдырап кеткеннен кейін ғана егемендігін алды. Оған дейін әлем картасында жалғыз түркі мемлекеті ­Түркия ғана болды. Енді ғана қарым-қатынасымызды нығайтып жатырмыз.

Шынтуайтына келсек, мемлекеттер тіл мен дінді негіз етіп одақ құра алмайды. Діні бір, тілі ұқсас украин және орыс халықтары соғысып жатқан жоқ па? Басты факторлар ­– экономика мен саясат.

Ресейді алып қарасақ, бұл елдің халқы тек орыстардан тұрмайды. Татарлар, башқұрттар және басқа да түркі халықтары бар. Біздің қазақтар да миллионға жуық. Шынын айтқанда, орыстардың бізде шаруасы да жоқ. Түркі мемлекеттері бас қосып, бірге шаруа атқарса да, онысы Ресейге қарсы бағытталмаған.

Айталық, Түркия – қазір Ресеймен ынтымақтастығын арттырып жатқан Еуропадағы жалғыз ел. Ресейден газ құбырын тартпақ. Түркия ­– керемет саудагер. Газды Ресейден алып, ертең Еуропаға қайта сататын болады.  

Ресей саясаткерлері, баспасөзі қызғанышпен қарайтын шығар. Десе де, Түркі әлемінің жақындасуынан Ресейге ешқандай қауіп жоқ.

– Кейбір ақпарат көздерінде «Тоқаевтың орнына Кремль үкілеген үміткерін әзірлеп жатыр» деген әңгіме жиі айтылатын болды. Бұған себеп ­Тоқаевтың екінші Лукашенко болудан бас тартқаны екен-міс. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

Фото: ғаламтордан

– Рас, Тоқаев мінез көрсетті. Сондағысы тек қана Қазақстанның мүддесін қорғап жатыр. Бірақ, меніңше, бұл ­– бос сөз. Ресей мен Батыс арасында санкциялық соғыс жүріп жатыр. Қысым жасалуда. Осындай жағдайда Ресей үшін Батысқа терезені кім ашып жатыр? Ол ­– біз.

Ресейден қаншама азамат шетелге қашты. Олар қайда барып пана тапты? Әрине, бізге келді. Ешқандай кедергі жасаған жоқпыз. Жағдайын жасадық. Оларды кіргізбесек, Ресей үлкен проблемаға тап болатын еді. Солтүстік көршімізбен қарым-қатынасымыз жақсы.

Қаласақ та, қаламасақ та, бізде, олар да, бір-бірімізден қашып құтыла алмаймыз.

– Алдағы сайлауда Тоқаевтың бәсі жоғары болары екібастан. Ескі де, жаңа президентке басты қауіп қайдан? Сырттан ба, іштен бе?

– Қауіп іштен. Сырттан ешқандай проблема жоқ. Дипломатиядан менің де хабарым бар.

Тоқаев сайлаудан кейін барлық өкілеттілікті өзіне алып, кадрлық шешім қабылдауы керек. Былайша айтқанда, қауіпсіздік құрылымдарына жаңа адамдарды әкелуі тиіс. Мұндай қажеттілік бар екенін қаңтар бүлігі көрсетті.

Жаппай шеру ұйымдастыру үшін мол ақша керек. Мол ақша кімде бар? Бұрын билікте болған адамдарда бар. Қаңтарда олар реванш алғысы келді.

Қазақстанның бүкіл байлығы 162 адамның ғана қолында. Тоқаевқа ең бірнші қауіп-қатер осы олтгархтардан.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: