«Қазақтың Робин Гуды» мүгедектігі бар балаларды асырап отырған анадан ақша алған
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, – деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.
Сот отырысында сотталушылар Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваның телефондары зерделенді. А. Дүйсееваның телефонындағы банк қосымшасындағы төлемдер қаралса, Ілияс Сариевтің телефонынан жәбірленушілерге әлеуметтік желіге салуға уәде еткен видеолар көрсетілді.
Сот отырысында іс бойынша 26 жәбірленушінің бірі – Гүлбахар Түреева сөз сөйледі. Айтуынша, Ілияс Сариев оған үй алып бермекші болған. Сонымен қатар І.Сариев «үйіңіз дайын тұр, құжаттарын реттеу керек» деген сынды желеумен жәбірленушіден ақша алып отырған. Жәбірленуші Гүлбахар Түреева Ілияс Сариевке бас-аяғы 800 мың теңге бергенін мәлімдеді.
«Мен бір үйде 4 мүгедек асырап отырған анамын. Құрметті сот, о баста ол менен рұқсат сұраған жоқ. 14 жастағы баламды видеоға түсіріп, халыққа жариялап жіберді. Сізге көмек ретінде үй алып береміз деді. Маған үй алып берген жоқ, бірақ халық шулағанда мені «үй алып берді» деп видеоүндеу түсіруге көндірді», – дейді кейуана.
Гүлбахар Түреева Ілияс Сариевтің «үйіңіз дайын тұр, жақында береміз» деген сөзіне сеніп, өтірік үй алғандай видеоға түсуге мәжбүр болғанын айтты.
Ілияс Сариев жәбірленушінің сөзіне наразылық білдіріп, өзінің бұл отбасыға барынша көмек қолын созғанын айтып, сотқа қатысушылардың назарын аударуға тырысты.
«Сіз бала-шағаңызбен далада қалғанда көмектесіп, алып кеткен мен едім. Мен қаншама адамға көмектестім. Шындық осы. Баланың бөтелке жинап жүргеніне дейін көрдім. Келіп, 150 мың теңгемді беріп кеттім. Барынша көмектескеніме қарамастан, жеме-жемге келгенде мені қаралап жатырсыз», – деді Ілияс Сариев.
Судья Ернар Қасымбеков көмек ретінде қайырымдылыққа берілген ақша есепке алынбайтынын, бірақ жебірленушіге келтірілген 800 мың теңге шығынның өтелетінін ескертті.
«Менің балаларым көшеде темір жинайды, сонымен күн көреміз. Солай темір теріп жүргенін көріп, сыртынан видеоға түсіріп алған. Сол күні үйде ауырып жатқан атасынан басқа ешкім жоқ, үйімізге келіп бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жібереді. Мұның барлығын менің рұқсатымсыз істеген. Кешке үйге келсем, атасы мен балалары жылап отыр. Видео тарап кеткен. Кейін мен ол баланың телефон нөмірін тауып алып, байланысқа шықтым», – деді Гүлбахар Түреева соттан кейін журналистерге берген сұхбатында.
Жәбірленушінің айтуынша, оларға халықтан 24 млн теңге жиналған. Ол қаражат Ақтоты Дүйсееваның шотына түскен.
«Маған үй алып қойдық деп айтты. 3 күннен кейін тағы да келіп, балаларыңызды жіберіңіз велосипед және сол сияқты керек-жарақтарын алып беремін деді. Мен жібермедім. Беретін болсаң, баспана бер дедім. Сөйтіп, төртінші күні кешке келді де бізді көлікке отырғызып, алып кетті. Бізді дәмханаға апарып: «Құтты болсын, сіздер баспаналы болдыңыздар!» деді. Үйді маған телефоннан ғана көрсетті», – деді Гүлбахар Түреева.
Осылайша, жәбірленуші өздеріне берілген үйді іс жүзінде көрмесе де, әйтеуір бір баспанамыз болады ғой деген үмітпен Сариевке сеніп жүре берген.
Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.