Қазақстандық мұғалімдерге өз оқушыларына қосымша сабақ өткізуге тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда мұғалімдерге кейбір жағдайларда репетитор қызметін ұсынуға тыйым салынуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі «Білім туралы» заңға репетиторлыққа қатысты түзетулер әзірлеп жатыр.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

«Оқу-ағарту министрлігі "Білім туралы" заңға репетиторлық қызмет нарығына қатысты өзгерістерді әзірлеуді бастап кетті. Оның ішінде мұндай орталықтардың қызметі, салық салу мәселелері, сондай-ақ балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілік қарастырылып жатыр», – деді министр.

Министрдің нақтылауынша, заңға өзгеріс енгізілсе, мұғалімдерге мектепте өздері сабақ беретін оқушыларға қосымша ақылы сабақ өтуге тыйым салынбақ.

Айта кетейік, өткен жылы Tesla Education білім беру орталығына қатысты шыққан дау-дамайдан кейін Қазақстанда репетитор қызметіне қойылатын талаптарды күшейту жөніндегі мәселе қайта қозғала бастады. 

ҰБТ-ға дайындық орталығының Астана мен Алматыдағы бөлімшелері кенет жабылып, мыңдаған жоғары сынып оқушысы қосымша білім алу мүмкіндігінен қағылды. Ал ата-аналар бір жылға созылатын курстар үшін миллион теңгеге дейін ақы төлегендерін айтып, шағымданды. Алданып қалдық деген ата-аналар полиция мен прокуратураға жүгінді. Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасында осы фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұл жайтқа қатысты компания өкілдері «ешқашан алаяқтықпен немесе қандай да бір пайдакүнемдік мүддемен әрекет етпегенін» айтып ақталды.

Қазір оқып жатыр

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базары аукционда тағы өтпей қалды

Қарағандыда түлектерді диплом қорғай сала әскери комиссариатқа алып кеткен

Қазақстанда жұмыс берушілер жасөспірімдерді сақтандыруға міндеттелмек

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды