Қазақстандық ғалымдар Конституциядағы білім берудің зайырлы мәртебесін қолдады
Конституциялық реформаға арналған кезекті отырыста академик, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жоғары оқу орындарында білім беруде зайырлы мәртебені сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Астана, NEGE. Нұрлан Дулатбеков білім беру ұйымдарының (рухани оқу орындарын қоспағанда) зайырлы сипатына қатысты Конституцияның 33-бабының 5-тармағының жаңартылған редакциясына ерекше назар аударды. Академиялық қауымдастық үшін бұл мәселе қағидаттық маңызға ие.
«Бұл тұжырым діннің мемлекеттен бөлінуі жөніндегі конституциялық қағидатқа толықтай сәйкес келеді. Білім беру жүйесі үшін оның маңызы түбегейлі. Университеттер мен мектептер ғылымның, білімнің және, әрине, академиялық еркіндіктің кеңістігі болып қалуы тиіс», — деді Дулатбеков.
Атап өтейік, жаңа Ата Заңының жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітілген. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалған.