Дрон шабуылы: Қазақстан энергетика нысандарындағы қорғаныс жүйесін күшейтпек
Қазақстандағы энергетика нысандарын дрондардан қорғау жүйесі күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрдің айтуынша, энергетика саласында жасанды интеллект негізінде іске асырылатын 45 жоба әзірленді. Олардың жиынтық экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 млрд теңге болмақ.
Жобалардың негізгі бағыттарының бірі – энергетика нысандарының кибер-физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Бірінші бағыт – киберқорғау. Қауіп-қатерлерді анықтау, технологиялық жүйелерді қорғау және кибершабуылдар кезінде мамандардың іс-қимылын пысықтау. Екінші бағыт – объектілерді физикалық қорғау. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтау және бейтараптандыру», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар биыл энергетика саласында алғаш рет «EnerFort» кибероқу-жаттығулары өткізілді. Министрдің айтуынша, мұндай оқу-жаттығуларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
Энергетика нысандарындағы негізгі жабдықтардың жай-күйін онлайн режимде бақылау да жолға қойылмақ. Бұл үшін генерациялау, беру және бөлу нысандарының цифрлық егіздері пайдаланылады. Турбиналар, қазандықтар мен трансформаторлар тиісті датчиктермен жабдықталды.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына дронмен шабуыл жасалған еді. Кәсіпорын Қазақстанның Қарашығанақ кен орнынан жеткізілетін шикі газды өңдейтін нысандардың бірі. Сол кезде Қазақстан Энергетика министрлігі жағдайдың елдегі тауарлы газ тұтынушыларына әсер етпегенін хабарлаған.