Қазақстанда кейбір әскерилерге үш есе мөлшерде ақы төленбек

Бүгін, 11 маусымда Сенат депутаттары әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Қорытынды құжатта заң қорғаныс, әскери қызмет, халықаралық әскери ынтымақтастық және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленгені атап өтілген.

Бұл мақсатта «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

«Әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне төтенше жағдайларды жоюға, терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысқан кезде үш есе мөлшердегі ақшалай қаражат төленеді», – делінген құжатта.

Сондай-ақ, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты командирдің қарамағындағы әскери қызметші ең төмен жалақы мөлшеріндегі төлемақымен қамтамасыз етілмек.

Әскери қызметтен шығару туралы шешімге шағым жасау үшін арнайы шағымдану мерзімі белгіленеді.

Төтенше немесе соғыс жағдайы жарияланған кезді қоспағанда, әскери қызмет өтілі жиырма бес жыл және одан да көп болған кезде әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша әскери қызметтен шығу мүмкіндігі беріледі. 

Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицердің қызмет ету мерзіміне бала үш жасқа толғанға дейін оның бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңі есептелмейді. Дегенмен бұл уақыт аралығы жалпы еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.

Бұған қоса заңнамада жоғары тұрған лауазымдарға әскери қызметшілерді іріктеу үшін цифрлық рейтинг енгізу көзделген.