Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасы 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін

Қазақстанда ипотека алатын азаматтар үшін бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Қаржылық модельді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Отбасы банкпен» бірлесіп әзірлеп жатыр. 

magnific.com

Астана, NEGE. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтың айтуынша, қазір ипотекалық бағдарламалардың талаптарын өзгертуге мүмкіндік беретін қаржылық модель пысықталып жатыр. Соның бірі – бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету.

Ал вице-министр Олжас Сапарбеков өз кезегінде халықтың «Ұмай» сияқты бағдарламаларға сұранысы жоғары екенін айтты.

«Халықты қажетті қаржы құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз. Кейде белгілі бір өнімге қарамастан, осындай бағдарламаларға сұраныс күрт артады. Мұнда ең алдымен осы құралдың халыққа қажет екенін түсінуіміз керек», – деді Олжас Сапарбеков.

Сапарбеков мемлекеттік органдар қолда бар мүмкіндіктерге қарай бағдарламалардың талаптары мен тетіктерін жетілдіріп келетінін түсіндірді. Қосымша қаржы бөлінген жағдайда, мұндай құралдарды кеңейту және сұраныстың күрт өсуін азайту жолдары қарастырылмақ.

Айта кетейік, қараша айының басында «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі басталған болатын. Алайда 3 қараша күні екінші кезеңіне бөлінген 20 млрд теңгенің лимиті бірнеше сағатта таусылып, Отбасы банк өтінім қабылдауды тоқтатты. Сол күні небәрі 850 өтінім қабылданған. 

Бағдарламаға Азия даму банкі қаржы бөлген еді. Отбасы банк келесі транш түскеннен кейін өтінім қабылдау қайта басталатынын хабарлаған. Нақты мерзімі әзірге белгісіз.