«Ұмай» ипотекасына бөлінген 20 млрд теңгенің лимиті бір күнде таусылды
Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі небәрі бірнеше сағатқа созылды.
Астана, NEGE. 3 қарашада Отбасы банк 20 млрд теңгеге 850 өтінім қабылдап, сағат 16:00-де өтінім қабылдауды тоқтатты.
Азия даму банкі бөлген қаржыға сұраныс жоғары болды. Сағат 15:00-ге дейін 524 әйел 12,5 млрд теңгеге өтінім берген. Ал бір сағаттан кейін бөлінген қаржының лимиті толық қамтылды.
Банк мәліметінше, қабылданған 850 өтінімнің бәрі алдын ала мақұлданған. Оның ішінде 352 өтінім банк кеңесшілері арқылы берілген.
Алдын ала мақұлдау бір айға жарамды. Осы уақыт ішінде қатысушылар баспана таңдап, несие алуға өтінім беруі керек.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша әйелдер жаңа немесе қайталама нарықтан баспана сатып ала алады. Бастапқы жарна мөлшері төмендетілген. Сондай-ақ қатысу үшін әйелдің атында баспана болмауы міндетті емес.
Айта кетейік, 31 тамызда бағдарламаның алғашқы кезеңіне бөлінген 9 млрд теңгенің лимиті де бірнеше сағатта таусылған. 3 қарашадағы жағдай бойынша осы қаржының 96%-ы игеріліп, 435 әйелге 8,6 млрд теңге несие берілген.
Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасы жалғасатынын хабарлады. Азия даму банкінен келесі қаржы түскен соң өтінім қабылдау қайта басталады. Нақты мерзімі кейін жарияланады.