Қазақстанда бензин өндірісі 1,8%-ға төмендеді

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда авиациялық бензинді қоса алғанда 2,6 млн тонна жанармай өндірілсе, биыл өндіріс көлемі 1,8%-ға азайып, 2,5 млн тонна өндірілген.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Energyprom сарапшылары мұны нарықтағы кері үрдіс емес, өткен жылғы жоғары өсімнен кейінгі қалыпты түзету ретінде бағалаған.

Дегенмен, портал дерегінше, бензин өндірісі он жыл бұрынғы деңгейден айтарлықтай жоғары. 2016 жылдың қаңтар-мамырында 1,3 млн тонна, 2020 жылы – 1,8 млн тонна, 2023 жылы – 2,2 млн тонна бензин өндірілген. 

Бұл ретте талдаушылар өндірілген жанармайдың басым бөлігі ел ішінде тұтынылатынын атап өтеді.

«2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында отандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықтағы сатылым мен экспортты қоса алғанда ішкі сұранысты іс жүзінде толық қамтамасыз етті. Импорт көлемі небәрі 133,4 тонна болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,9%-ға азайды», – делінген талдауда.

Биылғы қаңтар-сәуірде ішкі нарықта шамамен 2 млн тонна бензин сатылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға төмен. Ал экспорт көлемі 55,5%-ға қысқарып, 63,9 мың тоннадан 28,4 мың тоннаға дейін азайған.

Ал бензин бағасына келер болсақ, 2026 жылдың маусымында бензин бір ай ішінде 1,1%-ға қымбаттады. Жылдық есепте бензин бағасы 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 15,6%-ға өскен.

Алайда әлемдік нарыққа қарағанда Қазақстандағы бензин әлі де салыстырмалы түрде арзан болып саналады. GlobalPetrolPrices деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 6 шілдеде әлемде АИ-95 маркалы бензиннің орташа бағасы литріне 1,47 доллар болса, Қазақстанда 0,687 доллар болды, яғни елдегі баға әлемдік орташа деңгейден екі еседен астам төмен.

Қазақстандағы бензин бағасы көрші елдерді қызықтырмай қоймасы анық. Үкімет жанармайдың заңсыз шығарылуына жол бермеуге бағытталған шаралар қабылдауда. Мәселен, Энергетика министрлігі 2026 жылғы 21 мамыр мен 21 қараша аралығында бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен, оның ішінде ЕАЭО елдеріне шығаруға салынған уақытша тыйымды ұзартқанын хабарлады. Ведомство бұл шешімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау қажеттілігімен түсіндірді.

Сонымен қатар министрлік аталған тыйымды тағы алты айға – 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін ұзарту туралы жоба әзірледі. Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 шілдесінен жыл соңына дейін жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді және басқа да мұнай өнімдерін ЕАЭО аумағынан тыс елдерге шығаруға шектеу енгізілді.

Сондай-ақ Қазақстан шекаралас елдерден келетін көліктердің елге кіруіне де шектеу қойды: жүк және жеңіл автокөліктер тәулігіне бір реттен артық кіре алмайды.