Бектенов: «Ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек»

Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмек отбасының мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай берілуі мүмкін. Үкімет бұл өзгеріс арқылы үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуді көздеп отыр.

gov.kz

Астана, NEGE. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде мәлімдеді.

Үкімет басшысы көпбалалы отбасыларды мысалға келтірді. Қазір олардың арасында табысы төмен отбасылармен қатар, өздерін толық қамтамасыз ете алатын ауқатты отбасылар да бірдей қолдау шараларын алуы мүмкін.

«Бұны әділетсіз деп есептейміз. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау қиын жағдайға тап болып, өз қажеттіліктерін өз бетінше өтей алмайтын азаматтарға бағытталуы тиіс. Сонымен бірге әлеуметтік көмек тұрақты табыс көзіне айналмай, адамның қиын жағдайдан шығып, өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік беруі керек.

Үкіметтің есебінше, жаңа тәсіл 2027 жылы бюджетке шамамен 700 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үш жылдағы жалпы үнем 2,5 трлн теңгеге жуық болуы мүмкін.

Айта кетейік, жақында Үкімет жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу тәртібінің жаңа шарттарын бекітті. Жаңа талап бойынша мұқтаж азаматтар жәрдемақының 10 түрін ала алады.