Өзбекстанмен шекарадағы кеден бекеттерінде жемқорлық деректері көп тіркелген
Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттерінде сыбайлас жемқорлық деректері басқа бағыттармен салыстырғанда жиі тіркелетінін айтты.
Астана, NEGE. Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте редакциямыздың тілшісі министрден 2026 жылдың басынан бері кеден қызметкерлерінің қаншасы жемқорлық үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын және қай шекара бекеттерінде жемқорлық тәуекелі жоғары екенін сұрады.
Тәкиевтің мәліметінше, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ең көп заңбұзушылық фактілері тіркелген. Сондай-ақ, Қытай шекарасында да мұндай жағдайлар кездесетінін айтты.
«Қазақстан мен Өзбекстан арасында ең көп. Пара алу, тез өткізу деген сияқты заңбұзушылықтар жиі кездеседі. Бірақ оның бәрін электрондық жүйелермен жауып жатырмыз», – деді министр.
Оның айтуынша, кедендегі жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін электрондық жүйелер енгізіліп жатыр. Соның бірі – CarGoRuqsat бағдарламасы. Ол жүк тасымалдаушылардың бағыты мен межелі жерге жету уақытын тіркеуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл обылысында шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк көлігі, автобустар және жеңіл автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалап келген қылмыстық топ мүшелері ұсталған болатын.
Тінту барысында топ мүшелерінен қару-жарақ, байланыс құралдары, қомақты қаражат және автокөліктер тәркіленді.