Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай жеткізуді уақытша тоқтатты

Танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Ресейдің Қара теңіздегі негізгі экспорттық терминалына мұнай жеткізуді уақытша тоқтатты.

Каспий құбыр консорциумы

Астана, NEGE. Financial Times ақпаратынша, үш мұнай трейдері осы айда болған бірнеше шабуылдан кейін кемелер КҚК-ның теңіз терминалына кіруден бас тартқанын мәлімдеген. Соның салдарынан консорциум өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Каспий құбыр консорциумы Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарынан тәулігіне 1 миллионнан астам баррель мұнайды Новороссийск портындағы танкерлерге жеткізеді. Бұл Қазақстандағы жалпы мұнай өндірісінің шамамен 80%-ына тең. Сондықтан ел бұл бағытқа айтарлықтай тәуелді.

Басылымның жазуынша, құбыр жұмысының тоқтауы әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайды тәулігіне тағы 1 миллион баррельге дейін қысқартуы мүмкін. Бұл Қазақстан экономикасына елеулі соққы болуы ықтимал.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңізде Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған болатын. Министрлік бұл оқиғаларды Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғу және халықаралық сауда мен энергетикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет деп бағалады.

Соған қарамастан, 20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы азаматтық танкерге тағы да шабуыл жасалды. Қазақстанның Энергетика министрлігі ақпаратты растап, шабуыл салдарынан адамдардың зардап шекпегенін және мұнайдың төгілуіне жол берілмегенін хабарлады.