Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Ресейге 50 мың тонна бензин жіберуі мүмкін

Жанармай ‌Павлодар мұнай-химия зауыты мен «Конденсат» мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілмек.

gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде The Moscow times саладағы төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, Ресей Қазақстаннан автобензин импорттау жөніндегі келіссөздерді маусым айында бастаған, жанармай шілде-тамыз айларында жеткізу жоспарланып отыр.

Қазақстанның Энергетика министрлігі «Татнефть» компаниясының ресейлік нафтасын өңдейтін «Конденсат» зауытынан Ресейге бензин экспортталуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Бұл ретте Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейі ескерілетіні айтылған. Сондай-ақ министрлік өкілдері Ресейге жөнелтетін автомобиль бензині «Татнефть» жеткізетін шикізат негізінде өндірілетінін атап өткен.

«Мәселе келісілген, бірақ барлық тетік әлі пысықталмады. Келіссөздер жалғасып жатыр, санкциялық шектеулерге байланысты сұрақтар бар», – деп келтіреді басылым дереккөздер ақпаратын.

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты мотор отынымен қамтамасыз етеді. Соңғы уақытта Ресейдегі және Ресей ресурстарына тәуелді Орталық Азия елдеріндегі мұнай өнімдері тапшылығы салдарынан тұтыну көлемі артқан. Сондықтан Ресейге жеткізілімдер, әсіресе зауыттардағы жөндеу жұмыстары кезінде, ішкі отын теңгеріміне кері әсер етуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей үшін 50 мың тонна теңізге тамған тамшыдай ғана болғанымен, Қазақстан нарығы үшін тұтынудың өсуі жағдайында бұл жағымсыз салдарға әкелуі ықтимал.

Отын-энергетика кешенінің ситуациялық-талдау орталығы мәліметінше, Қазақстандағы төрт мұнай өңдеу зауыты 2025 жылы 5,975 миллион тонна автобензин, 6,159 миллион тонна дизель отыны және 723 мың тонна авиациялық керосин өндірген.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі ресми өтініш түскен жағдайда, Қазақстан өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде Ресейге бензин жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.