Қазақстан екі халықаралық банктен 460 млрд теңгеден астам қарыз алады

29 маусымдағы Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялады.

gov.kz

Астана, NEGE. Сенатор Бекболат Орынбековтің мәлімдеуінше, бұл екі заңның да негізгі мақсаты ортақ – жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығын уақытылы қаржыландыру және мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік және экономикалық міндеттемелерін үздіксіз қамтамасыз ету.

Құжатқа сәйкес, Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 млрд жапон йені, ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 62,3 млрд жапон йені көлемінде қарыз тартылады.

«Екі халықаралық қаржы ұйымымен де келісімдер өте ұқсас әрі тиімді негізде жасалған. Екі келісім бойынша да қаржыландыру шарттары бірдей, атап айтқанда, қарыздар 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге беріледі. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі халықаралық TONA нарықтық ставкасына негізделген. Ал банктің қызметі мен ақшаның пайдаланылмаған бөлігі үшін төленетін комиссия көлемі – 0,25%», – дейді Бекболат Орынбеков.

Депутаттың нақтылауынша, тартылатын қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырады.