«Қазақмыстағы» наразылықтан кейін топ-менеджер жұмыстан шеттетілді

Ұлытау өңіріндегі «Қазақмыс» жұмысшыларының наразылығынан кейін корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымымен ашық кездесу өткізді.

Қазақмыс

Астана, NEGE. Басқарма төрағасы Оңтүстік Жезқазған кенішіне арнайы барып, жұмысшылардың уәжін тыңдаған. Оның айтуынша, кеншілерден түскен шағымдардан кейін қызметтік тексеріс басталады. Сондай-ақ өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бәкіров жұмыстан уақытша шеттетіледі.

«Сіздер тарапынан менің орынбасарым Саят Бәкіровке қатысты сұрақтар көтеріліпті. Қызметтік тексеріс басталады. Бүгіннен бастап ол жұмыстан шеттетіледі. Осы 5 айда істеліп жатқан жұмыстар сіздерге толық жетпей қалған сияқты. Коммуникация болған жоқ», – деді басқарма төрағасы.

Кездесу барысында басшылық кәсіпорындағы бірқатар мәселе ұзақ уақыт бойы қордаланып қалғанын және оларды шешу кешенді әрі жүйелі жұмысты талап ететінін айтты.

Жиында сөз алған қызметкердің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы басшылығы кәсіпорынды қарызға батырып кеткен.

«30 жыл бойы “Қазақмыстың” игілігін көрген акционерлер кетті. Шынымен, компанияны тақырға отырғызып, қаншама қарызға батырып кетті деуге болады. Фабриканың жағдайы нашар. Басшылық біраз мәселенің бетін ашып айтып отыр. Сондықтан келісімге келейік. Жігіттер келісімін берді. Айлық мәселесін отырып талқылау керек. Көп жігіттердің жалақысы дұрыс есептелмей жатса, оны нақты қарап, тексеру қажет. Разряд, айлық, еңбек демалысы мәселелері дұрыс шешілмей жатса, әр адам бойынша жеке-жеке тексеру керек», – деді бастамашыл топ өкілі.

Компания басшылығы еңбекақы мәселесіне қатысты жұмысшылардың әл-ауқатын кезең-кезеңімен арттыру бағытын ұстанатынын мәлімдеді. Бұл бағыттағы шешімдер кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы, өндірістік-инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және еңбек ұжымының ұзақ мерзімді мүддесі ескеріле отырып қабылданбақ.