«Қазақмыста» тағы да еңбек дауы: кеншілер басшылыққа қандай талап қойды?

Ұлытау облысында «Қазақмыс» жұмысшылары жұмысты уақытша тоқтатып, компания басшылығына жалақыға қатысты талап қойғаны жайлы ақпарат тарады. 

Коллаж

Астана, NEGE. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған, Батыс Рудный және Жыланды кеніштерінің жұмысшылары жұмысын тоқтатып, басшылыққа бірқатар талап қойған. Наразылыққа қосалқы өндіріс бөлімдерінің кеншілері де қосылған.

Олардың негізгі талабы – жалақыны 50 пайызға көтеру және басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бәкіровті қызметінен босату. Жұмысшылардың айтуынша, Бәкіров тағайындалғаннан бері оларға қысым күшейген.

Сонымен қатар жұмысшылар еңбек демалысына төленетін ақы тәртібін қайта қарауды және жұмысқа қабылдау процесінің ашық әрі әділ жүргізілуін талап еткен.

«Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Компания мәлімдемесінде мәселе тек Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі шахталардың біріне қатысты деп көрсетілген.

Компанияның хабарлауынша, басшылық жұмысшылармен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын талқылаған.

«Көтерілген мәселелердің басым бөлігі ұзақ жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болды. Осыған байланысты басшылық жұмыскерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту, сондай-ақ өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оның іске асырылуын жеделдетуге ниетті», – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процесс бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұл дау «Қазақмыс» компаниясының меншік иесі ауысқаннан бірнеше ай өткен соң болып отыр. Бұған дейін кәсіпорын олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огайдың иелігінде еді. 2025 жылдың соңында корпорация құрылыс саласының өкілі Нұрлан Артықбаевтың меншігіне өтті.

Кәсіпорында бұған дейін де бірнеше рет еңбек дауы болған. 2024 жылдың желтоқсанында 250-ден астам кенші жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. Сол кезде басшылық жұмысшылардың талабын бірден орындаудан бас тартқанымен, кейін тараптар келісімге келген.