«Қазақмысқа» жаңа топ-менеджер келді

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымына Мұқан Үңгітбаевты таныстырды. Ол қызметтен шеттетілген Саят Бәкіровтің орнына басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарады.

kazakhmys.kz

Астана, NEGE. Руслан Өскенәлі Мұқан Үңгітбаевтың өндірістік үдерісті жетік білетін, басқару саласындағы мол тәжірибесі бар және өңірдің ерекшелігін терең түсінетін маман ретінде таныстырды. Оның айтуынша, бұл шешім компанияның өндірістік қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға ықпал ететін маңызды фактор болмақ.

Мұқан Үңгітбаев тау-кен өндіру саласында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман ретінде таныстырылды. Сәтбаев қаласының тумасы еңбек жолын жерасты жұмысшысы ретінде бастап, компанияның ірі өндірістік бөлімшелерінің басшысы деңгейіне дейін көтерілген.

2025 жылдан бері Мұқан Үңгітбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Nurqazgan Tau-ken ondirisi» филиалының бас директоры лауазымын атқарып келген.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында «Қазақмыс» жұмысшылары жұмысты уақытша тоқтатып, компания басшылығына жалақыға қатысты талап қойды. Олардың негізгі талабы  жалақыны 50 пайызға көтеру және басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бәкіровті қызметінен босату болды. Жұмысшылардың айтуынша, Бәкіров тағайындалғаннан бері оларға жасалатын қысым күшейген.

«Қазақмыс» жұмысшыларының наразылығынан кейін корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымымен ашық кездесу өткізді. Ол кеншілерден түскен шағымдардан кейін қызметтік тексеріс басталатынын, бұған қоса өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бәкіров жұмысынан уақытша шеттетілетінін мәлімдеді. Кездесу барысында басшылық кәсіпорындағы бірқатар мәселенің ұзақ уақыт бойы қордаланып қалғанын және оларды шешу кешенді әрі жүйелі жұмысты талап ететінін айтты.