Қайрат Сатыбалдының қонақүйі екі жыл өтсе де әлі мемлекет меншігіне берілмеген
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйіне қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
Астана, NEGE. Бұл қонақ үйді Қайрат Сатыбалды 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекет меншігіне тапсырған. Алайда «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС мен «Abli-hotels» ЖШС сот шешімі заңды күшіне енгеніне қарамастан, нысанды уақытында босатпаған.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, мемлекет сот арқылы «Abli-hotels» ЖШС-нен қонақүйді пайдаланғаны үшін 1,1 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алған. Ал «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС бірнеше рет сот орындаушыларының әрекеттеріне бірнеше рет шағымданған.
Биыл мамырда сот орындаушысы мәжбүрлі түрде көшіру шарасын белгіледі. Алайда қонақүйді 1 маусымға дейін босатуға жазбаша уәде берілгеніне қарамастан, бұл талап та әлі күнге дейін орындалмаған.
Соның нәтижесінде полиция сот шешімін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл шаралар аяқталғаннан кейін билік DoubleTree by Hilton қонақүйін аукционға шығаруды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 21 мамырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Алматы қалалық әділет басқармасының шешімімен Hilton қонақ үйін меншік иесінен тартып алу, қызметкерлерді шығару және ғимаратты мәжбүрлеп босату әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Депутат бұл әрекеттің артында Қайрат Сатыбалдымен бірге Capital Bank Kazakhstan қожайыны Орифжан Шадиев пен Qazaq Banki қожайыны Дінмұхамед Ыдырысов тұрғанын айтты.
Бапидің мәлімдеуінше, Үкімет жанындағы активтерді қайтару комиссиясы арқылы Hilton қонақ үйі 4,5 млрд теңгеге бағаланып, мемлекеттік меншікке берілген. Ал сарапшылардың есебінде Hilton-ның нарықтық бағасы 12 млрд теңге деп көрсетілген. Депутаттың болжамынша, қонақүй әдейі төмен бағаланып, кейін аукцион арқылы арзан бағамен қайта сатып алу жоспары көзделген.