Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базары аукционда тағы өтпей қалды
Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Алматыдағы «Байсат» базары осымен төртінші рет аукционға шығарылғанымен, әлі сатылған жоқ. 26 мамырдағы сауда-саттық өтпеді деп танылды.
Астана, NEGE. Қайтарылған активтерді басқару компаниясының сайтындағы мәліметке сәйкес, аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген.
«Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің аукционға шығарылғандағы бастапқы бағасы 28,6 миллиард теңге деп белгіленген. Қатысу үшін кепілдік жарнаның өзі 2,86 миллиард теңге болған.
Айта кетейік, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығын 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке қайтарған болатын.
Содан бері базар төрт рет аукционға шығарылды. Алғаш рет оны 2025 жылдың қарашасында саудаға шығарды. Ол кезде де бастапқы бағасы қазіргідей 28,6 млрд теңге деп белгіленген. Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, қоғам мүддесіндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады деп жоспарланған. Алайда жоспар іске асқан жоқ.
Сол жылдың желтоқсан айында өткен аукционда баға 26,7 миллиард теңгеге дейін төмендетілді. 2026 жылдың қаңтарында тіпті 24,7 миллиард теңгеге дейін арзандатылды. Алайда әлі де базарды ешкім сатып ала қойған жоқ.