Қайрат Нұртастың концертіндегі дүрбелең: ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді

Шымкент полициясы 10 қазанда Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

polisia.kz

Астана, NEGE. Полицияның мәліметінше, іс қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қозғалған.

«Адамдардың көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті басталар алдында стадион кіреберісінде дүрбелең болған. Жұрт бірін-бірі итеріп, қақпа алдында кептеліп қалған. Сол күні 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін хабарлаған.