Қайрат Нұртастың концертіндегі қарбаласта бір қыз ауыр халде ауруханаға жеткізілді
10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті басталар алдында кіреберісте дүрбелең болды.
Астана, NEGE. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда стадион қақпасының алдына көп адамның жиналғаны көрінеді. Жұрт бірін-бірі итеріп, кейбірі қысылып қалған. Олар концерттің ұйымдастырылуына да сын айтқан.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы жарақат алған 18 жастағы қыздың ауруханаға жеткізілгенін растады. Қазір оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер қажетті ем-дом жасап жатыр.
Оқиғадан кейін Freedom Афиша мәлімдеме жасады. Компанияның айтуынша, концертті Show Service ұйымдастырған. Ал Freedom Афиша билет сатумен, кіреберісте билеттерді тексерумен және білезік таратумен ғана айналысқан.
Компания өкілдері көрермендерді кіргізу, алаңды дайындау және күзет жұмысын ұйымдастыру өз міндетіне кірмейтінін айтты.
Freedom Афиша оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуге және құқық қорғау органдарына қажет ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.