4 августа 2021 г. 16:20

Сөгістен кейін Сапарбаев өз орнында қала ма?

Фото:

Бердібек Мәшбекұлына жарияланған сөгіс Мемлекет басшысының аппараттық салмағының күшейе бастауын білдіре ме? Сондай-ақ осы сөгістен кейін зейнет жасындағы қайраткер НЕГЕ саяси аренадан кетуі мүмкін?

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде қалыптасқан зор салмағы бар. Сондықтан да ол күрделі кезеңде мемлекетті басқарып тұрған тұлғаның облыс әкіміне сөгіс жариялауы қалыпты дүние екенін айтады.

"Елбасы «Елде қос билік жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекет басшысы ретінде қолдауымыз керек» деп бір емес, бірнеше рет айтты. Сол себепті президенттің облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялауына таңғалудың қажеті жоқ. Негізі бір шешімге байланысты президенттің ықпалы артты ма, жоқ әлде төмендеді ме деу дұрыс емес" - дейді, саясаттанушы.

"Қазіргі пандемия және қуаңшылық жайлаған күрделі кезеңде мемлекет басшысы қатқыл шешім қабылдауы қажет. Облыс басшысы қателескенде оны жазалау президенттің жауапкершілігі ғана емес, конституциялық міндеті. Өкінішке қарай шенеуіктердің қызметтегі салғырттыққа байланысты отставкаға кетіп, қайтадан тағайындалып жатқан фактілер бар. Осындай жағдайдан кейін қоғамда «Кеше ғана сөгіс алып қызметтен кеткен адамның жоғары қызметке тағайындалуы қалай?» деген заңды сұрақ туындады"

Зейнет жасындағы Бердібек Сапарбаев бұған дейін өкілеттігін ұзартқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөгісінен кейін осы өкілеттілік аяқталуы мүмкін бе?

Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысында вакцина алған сәті. Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз-қызметі

«Жеке өз басым кадрлық шешімдердің ішкі заңдылықтарын жақсы түсінбеймін  Бірақ біздегі кадрлық шешім қабылдау кезінде «әттеген-айлар» болып тұрады. Мәселен біреулер зейнет жасына жетіп, жұмысын жалғастыра береді, екінші бір адамдар бірден зейнеткерлікке шығып кетеді", - дейді, Расул Жұмалы. Оның сөзінше, біздің елде кадрлық шешім қабылдауда бірізділік жоқ. Тіпті кей кезде қызметте олқылық жіберген азаматтардың лауазымы өсіп кетіп жатады.

"Президент ашықтық керек деп өзінің жастар кадрлық резервін тағайындады. Толыққанды болмаса да ақырындап жүйе ашылып келе жатыр. Алайда бір қателік жіберді немесе зейнет жасына жетті екен деп Сапарбаев секілді кадрларды алып тастау дұрыс емес. Қолынан іс келіп, денсаулығы жетіп жатса, жас кадрлармен қатар аға буынның да мүмкіндігін пайдалану керек. Сондықтан да Сапарбаев орнында қалуы мүмкін немесе қалмайды деп болжам жасамай ақ қояйын"

Президент орнынан алып тастап, қайтадан басқа креслоға жайғасқан жалғыз Қайрат Досаев қана емес. Ауыл шаруашылық министрі болған Сапархан Омаров қуаңшылықта төрт түлік малды жем-шөппен қамтамасыз ете алмаған соң мемлекет басшысының бұйрығымен отставкаға жіберілген болатын. Араға ай салмай жатып, "Азық-түлік корпорациясының" басшылығына келді.

Үкімет құрамының келесі ротациясында зейнет жасындағы Бердібек Сапарбаев өз орынтағын сақтап қала ала ма? Жұрт арасында облыстың келесі әкімі бойынша болжамдар аз емес, бірақ ақ-қарасын анықтамай жатып, алып-қашпа әңгіме тарату біздің ережемізге қайшы келеді.

Сондықтан күзді күтеміз. Бәрібір, Бердібек Мәшбекұлының мәнді өмірі мен саяси ғұмырындағы уақыттың тоқтамай зырғып бара жатқаны анық.

Тегтер: