3 Тамыз 21:45
...

Досаевтың кесірі: Тоқаевтың сөгісінен кейін Сапарбаев отставкаға кете ме?

Фото:

Күні кеше ғана Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Әскербекұлы Досаев Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалғаны жөнінде ақпарат тараған-ды. Тағайындала салысымен артынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялап, бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берді.

Сөгіс беруінің себебі де жоқ емес. Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев мектептің даладағы дәретханасында 12 жастағы оқушыны зорлау ісіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыстан босатылған болатын.

Президенттің Сапарбаевқа сөгіс жариялағанын Берік Уәли фейсбук парақшасында хабарлады. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ.Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді», - делінген жазбада.

12 жастағы жетінші сынып оқушысы көшедегі мектеп дәретханасында зорланған. Бұл ретте бейнебақылау камералары қылмыскердің бір сағатқа жуық мектепті қалай аралағанын көрсетеді. Білім мекемесі қызметкерлерінің ешқайсысы күдікті адамға назар аудармаған.

Күдікті бірнеше сағаттан кейін ұсталды. Қыздың сынып жетекшісі, күзетші және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан шығарылды.

Президент екі рет қызметтен босатқан Досаев кім? 

Қайрат Досаев

Қайрат Досаев 1965 жылы туған, білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту ордені ауыл шаруашылық институтын "инженер-механик", Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін "экономист" мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы ғылыми-өндірістік бірлестіктің инженері болып бастаған.

Әр жылдары "Алтын диірмен" АҚ инженері, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, сектор меңгерушісі, төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәселестікті қорғау басқармасының басшысы, Алматы облысының тарифтер басқармасының басшысы, төтенше жағдайлар министрінің көмекшісі, "Мекен" ЖШС директоры, "2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы" акционерлік қоғамы Алматы филиалының директоры, вице-президенті, департамент директоры, "Казспортинвест" АҚ вице-президенті лауазымдарында еңбек етті.

Сондай-ақ, 2014-2017 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары Шу ауданының әкімі, 2019 жылы Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2019 жылдың желтоқсанынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде жұмыс істеп келді.

Бердібек Сапарбаев Қайрат Досаевты қызметке тағайындар алдында Президенттің бұйрығын елемеген сияқты. Не болса да олқылықты түзетуге бір күн уақыт берілді. 

«Бұйрық – қатты, жан – тәтті» демекші, Сапарбаев Тоқаевтың сөгісінен кейін шенеунікті дереу қызметінен босатты.

«2021 жылы 3 тамызда Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Енді халықтың көкейінде басқа сауал туындап жатыр. Президенттің бұйрығымен қызметтен босатылған шенеунікке жаңа қызмет берген Сапарбаевтың тағдыры не болмақ? Алдағы уақытта осындай жағдайларды ескермесе, отставкаға кете ме?

Тегтер: