12 октября 2023 г. 13:39

КАТАЛОНИЯДАҒЫ қызықтар: ҚҰЛЫБАЕВТАР сотта қалай ұтылып қалды?

Фото:
Экс-президент Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ортаншы күйеубаласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ пен оның әйелі Динара ҚҰЛЫБАЕВА 2009 жылы Каталониядан 20 гектар жер сатып алып,

Can Juncadella деп аталатын вилла салған. Міне, осы жер он жылдан астам уақыттан бері каталониялық соттың «бас ауруына» айналыпты.

«Выход к морю» телеграм каналының жазуынша, Жерорта теңізінің жағасындағы жасыл желекті 20 гектар жерді Құлыбаевтар 2009 жылы сатып алған күннен-ақ жергілікті тұрғындармен текетірес басталған.

Жер иеленуші байлар 2012 жылы әлгі жерге айналасы ат шаптырым вилла салып, айналаны қоршап, жергілікті халық серуендейтін жолға шлагбаум мен күзет қойған. Бұл аз болғандай, помещик жұрттың зәресін алу үшін дауыс ұлғайтқышпен тарс-тұрс атылған мылтық даусын шығарып қойыпты.

Испания Қазақстан емес қой, испандар да қазақ емес, тұрғындар бірден Льорт-де-Мар муниципалдық билігіне шағым түсіріп, сотқа жүгінген.

Бірнеше сот процесінен соң Льорет-де-Мар қаласының әкімі Хавьер КРЕСПО қызметінен кетіп, «пара алу», «салықтан жалтару» баптары бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалады. Қала әкімі параны кімнен алды деп ойлайсыз? Әрине, даулы жердің иелерінен алған.

Can Juncadella, Фото: ғаламтордан

Қала мэрі қылмысты болып, сот жергілікті тұрғындар пайдасына шешім шығарса да, Құлыбаевтар жүргінші жолын ашудан бас тартып, сотқа апелляциялық шағым түсіріп, істі соза берген.

Алайда Каталонияның Жоғарғы соты жуырда бұл іске нүкте қойыпты. Сот Құлыбаевтардың поместьесі арқылы өтетін туристердің соқпағын ашуды міндеттеген. Испандық БАҚ-тың жазуынша, Құлыбаевтар жеңілгенін мойындап, жергілікті муниципалдық билікпен келісімге келуге мәжбүр болған көрінеді.

Енді сот шешімі күшіне енген соң Құлыбаевтардың мүддесін қорғайтын испандық Flinder Data SL компаниясы туристер үшін соқпақты ашып беруге міндетті.

Айтпақшы, Құлыбаевтардың иелігіндегі 20 гектар жерге салынған Can Juncadella деп аталатын вилласының аумағы 3200 шаршы метр екен. Виллада 13 демалыс бөлмесі, 19 жуынатын бөлме, кемі 1 бассейн, үш сауна мен үлкен гараж бар.

Вилланың айналасын сыңсыған орман, футбол алаңы, қызметшілерге арналған ғимарат және басқа да нысандар қоршап тұр.

Жергілікті халықтың айтуынша, Динара Құлыбаева мұнда әр жыл сайын 19 тамызда туған күнін өткізеді екен. Қызының туған күніне Нұрсұлтан Назарбаев та келеді деседі. Кейбір деректерге қарғанда, Can Juncadella-ның түпкі иесі – Н.Назарбаевтың өзі.

Н.Назарбаев Испанияның бұрынғы королі І Хуан Карлосқа барыстың терісінен тігілген тон сыйлаған. 

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жер мен виллаға Құлыбаевтардың Flinder Data SL компаниясы иелік етеді. Әр жылдары бұл компанияда «Петроказахстан Ойл Продактс» президенті Асылбек КАРИБАЕВ пен экс-премьер, экс-әкім Даниал АХМЕТОВ қызмет істепті. Каталонияда Flinder Data SL компаниясына тиесілі бұдан басқа да ондаған нысан бар көрінеді.  

Міне, Қазақстанда «жалғанды жалпағынан басып» үйренген Құлыбаевтардың Испанияда осылайша маңдайы тасқа тигендей болыпты.

Бәлкім, «көп асқанға – бір тосқан» деген осы болар...

Тегтер: