2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні 25 сентября 2026 года – День общенационального траура в Республике Казахстан

Каспий теңізінде қаза болған үш сарбаздың денесі Оралға жеткізілді

25 қыркүйек күні таңертең Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі Орал қаласының әуежайына арнайы рейспен жеткізілді.

borli_audany_akimdigi, baiterek_bqo, kaztalov_audany_akimdigi/instagram.com, Коллаж: NEGE

Астана, NEGE. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.

Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар материалдық көмек көрсететіні айтылған. Бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. 

«Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында», – делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салайық, Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші суға кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, қалған 14 әскери қызметші қаза тапты.

Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.