«Әлсіз кезімізде жасаған келісімдерді сақтауымыз керек»: экономист мұнай жобалары туралы

​Экономист Сапарбай Жобаев мұнай жобаларына қатысты келісімшарттарды қайта-қайта өзгерту Қазақстанның инвестициялық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, алдағы уақытта Қазақстанның Қашаған жобасындағы үлесін арттыруға мүмкіндік бар. Алайда шетелдік инвесторлардың басқару тәжірибесінен бас тартуға болмайды.

Decaf.

Астана, NEGE. Экономист Сапарбай Жобаев Decaf. подкастына берген сұхбатында Қашаған жобасының операторларымен арадағы 5 млрд доллардан астам сомаға қатысты экологиялық дау, Қазақстанның ірі мұнай жобаларындағы үлесі және шетелдік инвестицияның ел экономикасы үшін маңызы туралы айтты.

Жобаевтың айтуынша, Қашағанға қатысты дау халықаралық арбитражда қаралып жатыр. Егер операторлар келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін толық орындағанын дәлелдей алса, Қазақстан бұл даудың нәтижесінде өтемақы алмауы мүмкін.

«Егер операторлар келісімшартта көрсетілген талаптардың барлығын орындағанын дәлелдесе, меніңше, Қазақстан бюджетіне бұл даудан қаржы түспейді», – деді Сапарбай Жобаев.

Қазақстан өз үлесін арттыра ала ма?

Жобаевтың айтуынша, бастапқыда Қазақстанның Қашаған жобасындағы үлесі 8 пайыз болған. Алайда операторлар өз міндеттемелерін толық орындамағандықтан, Қазақстан келісілген табысты ала алмай отырғанын алға тартып, жобадағы үлесін арттырған. Қазір «ҚазМұнайГаздың» Қашағандағы үлесі 16,88 пайызды құрайды.

Алайда Жобаев келісімшарттарды қайта-қайта өзгерту Қазақстанның инвестициялық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, шетелдік компаниялар Қазақстан бұрын жасалған келісімдерді кейін өз пайдасына өзгертуі мүмкін деп қауіптенсе, елге ұзақ мерзімді инвестиция салуға күмәнмен қарауы ықтимал.

«Қазақстан қиын жағдайда тұрғанда бізді шақырып, кейін аяғына тұрған соң үлесімізді азайтты деп айтуы мүмкін. Сондықтан біз әлсіз кезімізде жасаған келісімшарттарды сақтауымыз керек», – деді ол.

Соған қарамастан, экономист алдағы уақытта жасалатын жаңа келісімдерде Қазақстанның үлесін арттыруға болатынын айтты. Оның пікірінше, тараптар бірлескен кәсіпорын құрып, қазақстандық тараптың үлесін 30, 40 немесе 50 пайызға дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыра алады.

«Қазір Қазақстанда қажетті қондырғылар мен құбырларды өндіруге мүмкіндік бар. Біз инвесторлардан жергілікті қондырғыларды, мамандарды және қызметтерді пайдалануды талап ете аламыз. Осындай талаптарды көбейтуіміз мүмкін», – деді экономист.

Дегенмен Жобаев мұнай өндірісін басқаруды толығымен отандық кәсіпорындарға беруге асықпаған жөн деп есептейді. Оның пікірінше, Қазақстанға шетелдік инвесторлардың өндірісті тиімді ұйымдастыру және басқару тәжірибесі әлі де қажет.

Сұхбатты YouTube-арнамыздан көруге болады.