«Кәсіби маман»: Аида Балаева журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты пікір білдірді
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Orda.kz ақпараттық порталының бұрынғы бас редакторы әрі негізін қалаушы Гүлнар Бажкенованың алдағы сотына қатысты ойын білдірді.
Астана, NEGE. Аида Балаева ақпараттық алаңда Гүлнар Бажкенованың орны ойсарып тұрғанын мойындады.
«Гүлнар – кәсіби маман, ол шынымен де өте қызықты сараптамалық материалдар мен тартымды эфирлер жасай алады. Ең басты атап өткім келетіні – ол эфирге танымал болу үшін тек хайп пен негативке сүйенетін, билікті жөн-жосықсыз сынайтын адамдарды ешқашан шақырмайды. ...Жалпы, мен де сіздер сияқты сот процесін алаңдап күтіп жүрмін», – деп келтіреді «Время» басылымы министрдің пікірін.
Бұл ретте Аида Балаева сот процесін жіті қадағалайтынын, құқықтық мемлекетте заң барлық азаматқа ортақ екенін атап өтті.
Айта кетейік, Гүлнар Бажкенова – қазақстандық журналист, медиаменеджер. Ол 2020 жылы Қазақстандағы және әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалдан хабардар ететін Orda.kz желілік басылымының негізін қалады. Қазіргі уақытта журналистке көрінеу жалған ақпарат таратты, аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты және мүлікті жымқырды деген айыптар тағылуда.
Алматы қаласының полиция қызметі Бажкеноваға қатысты бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді.
Полиция дерегінше, тексеру кезінде 2024 жылғы материалдардың бірінде полицей туралы «пара алды» деген жалған ақпарат жарияланғаны анықталған.
«Бұл дерек шындыққа жанаспайтындықтан, қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келгені айтылды», – делінген ресми хабарламада.
Тағы бір жарияланымда мүліктік даудағы залалдың мөлшері мен себептері туралы бұрмаланған деректер берілгені айтылды. Бұл да, полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, қоғамды адастырып, арызданушының іскерлік беделіне елеулі зиян келтірген.
Бұдан бөлек өткен жылдардағы басқа жарияланымдар бойынша да жәбірленушілердің өтініштері негізінде тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
Алайда журналист өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.
1 желтоқсанда полиция Orda редакциясының Алматы мен Астанадағы кеңселерінде, сондай-ақ журналистің пәтерінде тінту жүргізді.
Көп ұзамай Гүлнар Бажкенова қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Бұған қоса журналистің қорғаушысы Мұрат Адам 16 қаңтарда сот шешімімен адвокаттық лицензиясынан айырылды. Әділет министрлігінің оған қатысты талап-арызына сәйкес, ол Гүлнар Бажкеноваға қатысты іс бойынша қорғаушы бола тұра, сотқа дейінгі тергеу туралы әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп айыпталды. Қорғаушының өзі сот шешімін Қазақстандағы адвокатураға жасалып отырған қысымның көрінісі деп бағалайтынын, алайда бұл оның жеке пікірі екенін атап өтті.
2 шілдеге белгіленген сотта Гүлнар Бажкенованың мүддесін мемлекеттік қорғаушы қорғайтын болады.