Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласынан «Достық» станциясындағы терминал тәркіленді

Қаржы мониторингі агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

qamqor.gov.kz

Астана, NEGE. Ол қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және ақша жымқырды деген күдікке ілінген.

Тергеу материалдарына сәйкес, Азамат Қапенов қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде үлестес компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған. Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қапеновке халықаралық іздеу жарияланды. Сот оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

«Келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы "Достық" станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдаған. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен бұл мүлік мемлекет кірісіне өткізілді», – делінген хабарламада.

Тергеу жалғасуда.

Айта кетейік, Азамат Қапенов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі. Экс-күйеу бала Ulysmedia.kz басылымына берген сұхбатында Мәсімов әулетінің шетел азаматтығын қалай алғаны туралы айтқан.

Қазір оқып жатыр

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды

Тоқаев Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады

«Машалла», «иншалла» сөздерін қолдану қаншалықты орынды?

«Жаңбыр жауса, жылаймыз»: Таразда екі жүздей тұрғын шатыры шұрық тесік үйде тұруға мәжбүр