Карантин кезіндегі қамақ: «Жылымық» қайда?
Арман Шораев, Ұлан Шәмшет, Әлнұр Ілияшев, Руслан Жанпейісов бар. Бірін «карантин режимін бұзды» десе, енді бірін «бірнеше рет әлеуметтік желілер арқылы жалған мәліметтерді таратқан» деп айыптады. Бүгін Марғұлан Сейсембай өзін қамауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Десе де, билік берген там-тұм деректер қоғам көңілінен шықпағаны анық. Саясаттанушы Андрей Чеботарев мұны басқаша ойлайтын адамдарға көрсетілген қысым ретінде бағалап отыр. Досым Сәтбаев болса: «Неге екені белгісіз, көп адамдар сеніп қалған «жылымық» қайда кетті?» – деп риторикалық сауал тастады. Карантин кезінде оқыс тұтқындаулар жайында Nege.kz тілшісі саясаттың басы-қасында жүрген бірнеше адамның пікірін білді.
Тоғжан Қожалиева: Маған да қысым жасалып жатыр
– Нақты себебін білмеймін. Бірақ басқа белсенділерге сабақ болсын деп ұстаған шығар. Қорқыту акциясы болар. Мұндай жағдайда 3 жылдан 7 жылға дейін жазаға кесіледі. Бұл – өте қатаң шара.
Бәлкім, мұның тасасында элита арасында арпалыстар тұруы мүмкін. Кейбіреулер жұлдызы қарсы басқа топтарды ықтыруды көздейді. «Біз қазір танымал адамдарды да қамап жатырмыз. Қоғам шулап, араша түсіп жатқан жоқ. Бізге қарсы шықсаңдар, сендерді ешкім де іздемейді», – деген белгі. Яғни, элита арасында кейбір топтар «күш – бізде» деп, өз ықпалын байқатқысы келетіндей. Бір оқпен екі қоян атпақ: элитаға да, қоғам белсенділеріне де ескерту. Меніңше, ескі режим өз күшін бір көрсетіп қалуды жөн көрген секілді. Қазір маған да қоқан-лоққы жасалып жатыр.
Жәнібек Қожық: Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ
– Қазақ халқында көнеден келе жатқан: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген нақыл бар. Бұл – демократияның ең үлкен шыңы. Өлім жазасына кесілген адамдардың да даты тыңдалатын болған. Біздің қоғамда шындықты, ақиқатты айтатын адамдарды қудалау, олардың соңына түсу, қамап қою әдетке айналды. Бұл – бүгін ғана болған жайт емес. Оның кейбірі саяси ойын болып та жатады. Өтірік ұстаған болады. Кенеттен оппозиция болып шығады. Партия құрмақ болады. Сондай жасанды ойындар болып жатады. Бәріне уақыт – төреші. Саяси көзқарасы үшін қамауды құптамаймын.
Қазыбек Бейсебаев: Бәрінің аузын жабу мүмкін емес
– Қысқаша айтсақ, ұсталғандар – тілге шешен адамдар. Күрделі мәселелерді көтеріп жүр. Неше түрлі мәселелерді айтып жатыр. Билікті жиі сынайды. Кемшілігін көрсетеді. Тіпті, көп сөйлемейтін адамдарды да отырғызып жатыр қазір.
Ұсталғандардың әлеуметтік желілерде оқырмандары көп. Сенетін адамдары да бар. Журналистер ақпарат беріп, мәселе көтеріп, әшкере жасап жатады. Көп сөйлемесі үшін, ауыздарын жабу үшін жауып тастады. Басқа не айтасың? Бірақ бәрінің аузын жабу мүмкін емес.