1 октября 2025 г. 19:31

Қарағандыда жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, екі адам мерт болды

Фото: ғаламтордан

Қарағандыда кәріз құбырларын ауыстыру кезінде қайғылы оқиға тіркелді. Жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, екі жұмысшы көз жұмды.

Алматы, NEGE. Оқиға 1 қазан күні Шахтёрлер даңғылында болған. Полиция департаментінің мәліметінше, опырылған топырақ астында мердігер компанияның қызметкерлері қалған. Өкінішке қарай, олардың екеуі де оқиға орнында жан тапсырған.

— Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиға» бабымен қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті.

«Қарағанды Су» ЖШС-сі оқиғаның болғанын растады, мердігер компания қаза тапқандардың жерлеу рәсімін толықтай өз есебінен өткізетінін мәлімдеді.

— Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр. Біз марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, — делінген кәсіпорынның ресми түсініктемесінде.

Қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған мердігер ұйым «НС Система» ЖШС өкілдері де ақпарат берді.

— Алдын ала деректер бойынша, оқиға салдарынан екі адам қаза болды. Олардың аты-жөндерін тексеру барысында «НС Система» ЖШС қызметкерлері еместігі анықталды. Қазіргі таңда бізде өзге ақпарат жоқ, ішкі тексеріс жүріп жатыр. Тергеу органдарының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бұл – марқұмдардың отбасылары үшін орны толмас қасірет. Біз жақындарына терең қайғырып, көңіл айтамыз. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру шығындарын компания өз мойнына алады, — деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.