Қарағанды облысының әкімі президенттен сөгіс алды
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Алматы, NEGE. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді», - деп жазды Берік Уәли.
Бұған дейін Қарағанды облысындағы Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына шағымданған болатын. Осы жағдайдан кейін Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылған еді.
Естеріңізге сала кетейік, күн суытқанда қаладағы жаңа жылу орталығы іске қосылмай қалған болатын. Кейін әкім Еркін Баулықов техникалық жұмыстар әлі жүріп жатқанын ескерткен. Жергілікті билік ескі қазандықтарды іске қосты. 15 қазанда Үкімет отырысында Сарандағы жылу мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық жөндеу жұмыстарын бір күн ішінде аяқтауды тапсырды. Үкімет басшысы жағдайдың шиеленісуін қала және облыс әкімі тарапынан бақылаудың жоқтығымен байланыстырып, өңірге Энергетика министрін арнайы тексеруге жіберді. Сондай-ақ жиналған материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылатыны айтылды. Егер істің қылмыстық құрамы анықталса, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылған.