«Қамтамасыз етуде мәселе жоқ»: «СК-Фармация» басшысы Әбеновтің мәлімдемесіне жауап берді

«СК-Фармация» басшысы Нұрлыбек Асылбеков Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбеновтің диабетпен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмек жетіспейтіні туралы мәлімдемесіне жауап берді. Оның айтуынша, қажетті препараттардың 95–97 пайызы медициналық ұйымдарға жеткізілген.

pharmnewskz

Астана, NEGE. Бұған дейін Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қазақстандықтардан қант диабетін емдеуге арналған «Глюконил» және «Джардинс» препараттарын емханалардан ала алмай жүргені туралы шағымдар түсіп жатқанын айтып, видеоүндеу жариялады.

Әбеновтің пікірінше, министр мәселені «жеке бақылауында» екенін айтумен шектелмеуі керек. Ол дәрі-дәрмек сатып алуға арналған тендерлердің нәтижесі мен препараттардың нақты жеткізілуіне қатысты бірқатар сұраққа жауап беруін талап етті.

«СК-Фармация» басшысы Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, Әбеновтің мәлімдемесінен кейін компания бұл мәселені қарастырған.

«Қазір қант диабетін емдеуге арналған 50 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынады. Оған шамамен 60 млрд теңге бөлінген. Бүгінде қажетті препараттардың 95 пайызы жеткізілді. Сондықтан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде мәселе жоқ», – деді «СК-Фармация» басшысы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Оның сөзінше, жаңадан диагноз қойылған науқастарға қосымша өтінімдер мен азаймайтын қор есебінен дәрі-дәрмек беріледі. Ал «Джардинс» және «Глюконил» препараттарымен қамтамасыз ету деңгейі 95–97 пайызды құрайды.