К1 жетіп тұр. Нұрбанк НЕГЕ қарыздың жартысын келесі жылы қайтаруы мүмкін?
«Нұрбанк» акционерлік қоғамы мемлекеттен алған көмектің тағы 6,5 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтармақ. Оны биылғы жылдың аяғына дейін аударатыны анық. Алайда осы төлемнен кейін де банктің мойнында шамамен 35,8 миллиард теңге қалады.
NEGE есебінше, келесі жылы банктің қалған қарыздың жартысын, яғни 17,9 миллиард теңгені төлеп тастауға мүмкіндігі бар. Барлығы банктің ірі акционері Эльдар Сәрсеновтың ниетіне байланысты болып тұр.
Нұрбанк мемлекеттік қолдауды 2020 жылы алған еді. Сол кезде қаржы секторын сауықтыру бағдарламасы аясында 15 жылға 46,8 миллиард теңгенің субординацияланған облигациясын шығарды. Банк алғашқы 4,5 миллиард теңгені 2025 жылы қайтарды. Енді жарияланған 6,5 миллиард теңгенің кері сатып алынуы аяқталса, екі кезеңде өтелген сома 11 миллиард теңгеге жетеді. Бұл бастапқы көмектің шамамен төрттен бірі ғана.
Тақырыпқа орай: Нұрынан айрылған қаржы институты. «Нұрбанк» жылдық табысын НЕГЕ 3 миллиард теңгеден асыра алмай отыр?
2026 жылғы 1 қазандағы жеке қаржылық есебі бойынша, Нұрбанктің ақша қаражаты мен оның баламалары 109,6 миллиард теңгеге жеткен. Жыл басында бұл көрсеткіш 59,3 миллиард болған. Меншікті капиталы да 74,7 миллиардтан 83,4 миллиард теңгеге ұлғайған.
Мұндай қордан 17,9 миллиард теңгені алса банк қатты қиналмайды. Маусым соңындағы есепте Нұрбанктің негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті k1 шамамен 22,8 пайыз, жалпы капиталының жеткіліктілігі k2 шамамен 29,8 пайыз болған.
Осы базаға сүйенген шартты модельде биыл 6,5 миллиард, келесі жылы тағы 17,9 миллиард теңге қайтарылса, k1 шамамен 19 пайыз, k2 22,3 пайыз деңгейінде қалады.
Бірақ банк активтерінің 562,7 миллиардтан 538,3 миллиард теңгеге, ал клиенттерге берілген кредиттердің баланстық құнының 325,9 миллиардтан 288,3 миллиард теңгеге төмендегені алаңдатады. Клиенттердің банкте ұстайтын қаражаты 399,1 миллиардтан 377,9 миллиард теңгеге азайған. Яғни банк өтімділігін күшейткенмен, кредиттік портфелі мен клиенттік қаржыландыруы қысқарған.
Нұрбанктың таза табысына қатысты да сұрақтар бар. Биылғы тоғыз айда Нұрбанк 7,38 миллиард теңге таза пайда тапқан. Ал былтырғы сәйкес кезеңде табысы 11,34 миллиард теңге болған еді. Сонда таза кірістің бір жылдағы азаюы 35 пайызды құрап отыр. Таза пайыздық кіріс өскенімен, таза комиссиялық кіріс екі есеге жуық азайып, қызметкерлерге жұмсалатын шығын 43 пайызға көтерілген.
Мемлекет алдындағы қарызды ерте қайтару Нұрбанк үшін тиімсіз. Бірақ Мемлекет басшысы «тездетіңдер» деп талап еткен болатын. Сондықтан бұл тек саяси шешім екені түсінікті. Субординацияланған мемлекеттік облигациялардың сыйақы купоны жылына 4 пайыз ғана. Мысалы, қалған қарыздың жартысы саналатын 17,9 миллиард теңгенің жылдық купоны шамамен 716 миллион теңге болады.
Егер банк осы соманы қайтарып, орнына қымбат қаражат тартса, шығыны ұлғаяды. Өзінің өтімді активтерінен төлесе, сол активтерден түсетін кірістің бір бөлігін жоғалтады. Сондықтан мемлекетке қарыз орташа банктер уақыт созып, берешекті асықпай қайтарғысы келіп отыр.