Иран азаматы асқазанындағы 113 капсула апиынмен Қазақстан аумағына кірмек болған
Маңғыстау облысында 1 келіден астам апиынды асқазанында тасымалдаған Иран азаматы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Астана, NEGE. Сот анықтағандай, шетел азаматы 2026 жылғы мамырда «Горган – Ақтау» бағытындағы әуе рейсімен Қазақстанға келген. Ол жалпы салмағы 1 келіден асатын апиын салынған 113 капсуланы жұтып, ел аумағына алып өтпек болған.
Алайда оның бұл әрекетін Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері анықтап, есірткіні тәркіледі.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны есірткі контрабандасы, сондай-ақ есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Мемлекеттік айыптауды облыс прокуратурасы қолдады. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура есірткінің заңсыз айналымы үшін 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.