Инклюзия: мүмкіндік тең болған жерде қоғам да өзгереді

Қоғамның өркениеттік деңгейін оның ең осал азаматтарына жасаған жағдайынан бағалауға болады. Бүгінде инклюзия ұғымы әлеуметтік қолдаудың тар шеңберінен шығып, азаматтың қоғамдағы орнын, оның білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін толық ашуға және дербес өмір сүруге деген құқығын айқындайтын маңызды өлшемге айналды.

«Ауыл» партиясы

Астана, NEGE. Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановтың инклюзивті қауымдастық өкілдерімен кездесуі осы мәселелердің қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін тағы бір көрсетті.

ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттармен кездесуге инклюзивті қауымдастық өкілдері, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Әңгіме барысында қолжетімді ортаны дамыту, инклюзивті білім беруді жетілдіру, кәсіптік даярлау мен жұмыспен қамту, бала мен оның отбасына жан-жақты қолдау көрсету, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейту сияқты бір-бірімен сабақтас мәселелер көтерілді.

Бұл мәселелердің әрқайсысы жеке алғанда әлеуметтік саланың міндеті секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың түйісетін тұсы біреу – адамның қоғамнан шет қалмауы. Сондықтан инклюзияны тек жекелеген санаттарға арналған жеңілдіктер немесе әлеуметтік төлемдер жүйесі ретінде қабылдау жеткіліксіз.

Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов инклюзияның мәнін дәл осы тұрғыдан бағалады. Оның айтуынша, инклюзия қайырымдылыққа немесе бір реттік әлеуметтік акцияларға негізделмеуі тиіс. Оның өзегі – әр азаматтың білім алуға, еңбек етуге, еркін жүріп-тұруға, шығармашылықпен айналысуға және қоғамдық өмірге өзгелермен тең дәрежеде қатысуына нақты мүмкіндік жасау.

Қайрат Айтуғанов ,«Ауыл» партиясы

Бұл жердегі басты мәселе – мемлекеттің әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі. Қазіргі жағдайда ата-аналар мен отбасылар әртүрлі мекемелерге жүгініп, бір мәселені бірнеше рет түсіндіріп, қажетті құжаттарды қайта-қайта жинауға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы үшін бұл қосымша ауыртпалық. Кездесуде де осы мәселе көтеріліп, отбасыларға медициналық, білім беру және әлеуметтік бағыттар бойынша кешенді әрі үздіксіз қолдау қажет екені айтылды.

Инклюзия туралы сөз болғанда, көбіне бірінші кезекте пандустар, арнайы кіреберістер немесе ғимараттардың физикалық қолжетімділігі еске түседі. Әрине, бұл – маңызды талап. Бірақ, шын мәніндегі қолжетімді орта адамның өмірдің барлық саласына қатысу мүмкіндігін қамтиды.

«Инклюзия пандуспен шектелмейді. Ол адамның білім алып, еңбек етіп, өз қабілетін дамытып, қоғам өміріне өзгелермен тең дәрежеде қатысуына нақты мүмкіндік жасалған сәттен басталады», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Кездесуде Қайрат Айтуғанов негізгі мақсат тек партияның сайлауалды бағдарламасын таныстыру ғана емес, ең алдымен, инклюзивті қауымдастықтың ұсыныстарын тыңдау екенін атап өтті. Өйткені күнделікті өмірдегі нақты қиындықтарды бастан өткеріп жүрген ата-аналар мен азаматтардың ұсыныстары заңнамалық шешімдер үшін құнды негіз бола алады.

«Ауыл» партиясы

Шығыс Қазақстандағы тәжірибе де қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы байланыстың маңызын көрсетеді. ШҚО филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Фарид Әбітаев өңірлік филиалдың бірнеше жылдан бері қоғамдық ұйымдармен бірлесіп инклюзивті жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Олардың қатарында «Будем жить!» фестивалі мен жыл сайын өткізілетін МИАП инклюзия фестивалі бар. Бұл бастамалар мүгедектігі бар азаматтардың шығармашылық қабілетін ашуға, қоғаммен еркін араласуына және әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік беретін алаң ретінде сипатталды.

Алайда қоғамдық іс-шаралар мен фестивальдер мәселенің бір ғана қырын қамтиды. Инклюзияның ұзақ мерзімді нәтижесі адамның экономикалық дербестігімен де тікелей байланысты. Осы орайда Құрылтай депутаттығына кандидат Захира Бегалиева әлеуметтік қолдауды тек төлемдермен шектемеу керектігіне назар аударды.

Шын мәнінде, әлеуметтік саясаттың ең түпкі мақсаты – әр азаматтың алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуіне мүмкіндік беру. Кәсіптік білім, бейімделген жұмыс орындары, жұмыс берушілерге қолдау көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктері осы міндетті жүзеге асыруға бағытталуы тиіс.

«Ауыл» партиясы

Қорыта айтқанда, инклюзия – белгілі бір әлеуметтік топқа жасалған жеңілдік емес, қоғамның әр мүшесіне берілетін мүмкіндік. Сондықтан бүгінгі міндет – инклюзия туралы айтумен шектелмей, оны күнделікті өмірдің қалыпты қағидасына айналдыру. Мүмкіндік тең болған жерде адамның әлеуеті де толық ашылады. Ал өз азаматтарының әлеуетін іске асыруға жағдай жасаған қоғам ғана шын мәнінде әділетті әрі орнықты болашақ құрмақ.

Кездесу соңында инклюзивті қауымдастық өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету жүйесін жетілдіру, қолжетімді ортаны дамыту, инклюзивті білім беру және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Ұсыныстарды алдағы уақытта «Ауыл» партиясы тарапынан заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеру көзделіп отыр.

 

Шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.