Хакер даркнетте 15 млн қазақстандықтың жеке дерегін сатылымға шығарған
Қазақстандықтардың жеке деректерін сатушы базаны мемлекеттік eGov сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. Бұл жазбаға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пікір білдірді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Telegram-дағы ресейлік Mash арнасы жазды.
Арнаның жазуынша, shymzz13 лақап атымен тіркелген желі қолданушысы файлды 0,5 биткоинге – шамамен 32 мың долларға (шамамен 15 млн теңге) бағалаған. Көлемі 2,7 гигабайт болатын файлда төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері мен құпиясөздер қамтылғаны айтылған.
Киберқауіпсіздік мамандары бұл базаны алаяқтықпен айналысатын колл-орталықтар сатып алуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі уақытта бұл ақпарат тексеріліп жатқанын хабарлады.
Министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар.
«Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізілуде. Ұсынылған деректердің үлгілері талданып, олардың қайдан шыққанын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте сала мамандары электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар арна жариялаған ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтіні айтылды.
«Атап айтқанда eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды», – дейді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Ведомство өкілдері техникалық тексеру аяқталған соң, оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беруге уәде берді.
Министрлік азаматтарға SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалануды ұсынады.
Еске салсақ, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстан және ТМД азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратқан халықаралық арна жойылғанын хабарлаған еді. ІІМ мәліметінше, күдіктілер қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің азаматтарының жеке деректері орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған.