«Гүлдің бағасы маңызды емес»: министрлік 1 қыркүйекке қатысты ескерту жасады

Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйек қарсаңында мұғалімдерге гүл мен сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға болмайтынын ескертті.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Ведомствоның мәліметінше, ұстазға гүл сыйлау – жақсы дәстүр, алайда ол міндетке, бәсекеге немесе ата-аналар үшін артық шығынға айналмауы керек.

«Ең бастысы – гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек», – делінген хабарламада.

Министрлік білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және ата-аналарды бұған міндеттемеуі керек екенін атап өтті.

Ведомство 1 қыркүйекті даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәні бар жағдайда өткізуді ұсынды.