GGG – Халықаралық бокс Даңқ залына енген алғашқы қазақстандық
Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына енді. Ол бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық атанды. Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндігінен қабылданды, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиадалық комитеті.
Астана, NEGE. Геннадий Головкиннің есімі енді әлемдік бокс тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалардың қатарында ресми түрде аталады. Бұл қатарда әр жылдары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді даңқты спортшылар да болған.
Головкиннің әуесқой бокстағы жолы орта салмақтағы ең табысты мансаптардың бірі саналады. Ол 350 жекпе-жек өткізіп, соның 345-інде жеңіске жеткен. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі ретінде ел намысын абыроймен қорғады.
Кәсіпқой боксқа өткен соң, Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтың ең танымал чемпиондарының біріне айналды. Кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, 42 рет жеңіске жетті, оның 37-і нокаутпен аяқталды. Ол ұзақ уақыт бойы P4P (pound for pound) рейтингінің көшін бастады. Кәсіпқой мансабында WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының белбеуін иеленді.
2012 жылы HBO арнасымен келісімшартқа қол қойғаннан кейін Головкин премиум арнаның басты жұлдызына айналды. Оның жекпе-жектері әрдайым үлкен қызығушылық тудырып, нокаутқа негізделген шабуылшы стилі мен орта салмақтағы айқын басымдығы оның әлемдік аренадағы беделін арттыра түсті.
Тоғыз жылға созылған 23 нокауттан тұратын жеңісті сериясы дивизион тарихындағы ең ұзақ көрсеткіштердің бірі болды. Сонымен қатар ол орта салмақтағы чемпиондық белбеулерін 21 рет сәтті қорғап, рекорд орнатты. 90 пайыздан асатын нокаут көрсеткіші Гиннес рекордтар кітабында әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелген.
Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін және World Boxing ұйымын басқарады. Осылайша халықаралық бокс ұйымына жетекшілік еткен алғашқы қазақстандық болды.